«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Ойыл аудандық коалиция мүшелері – Еркін Жиеналин, Сәкен Займолдин, Жасұлан Ержановтар бүгін Көптоғай ауылдық округіне қарасты Көптоғай ауылында болып, жергілікті тұрғындармен мазмұнды кездесу өткізді.

Жиын барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілді. Коалиция мүшелері билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ету, заң үстемдігін күшейту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нақтылау мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау институттарын дамыту және халықтың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту жөніндегі өзгерістердің маңызы айтылды.
Ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Жеке меншікке қол сұғылмаушылық, кәсіпкерлік еркіндігі, ауыл шаруашылығы саласын қолдау, жер қатынастарының құқықтық негіздері жөнінде нақты түсіндірмелер берілді. Бұл нормалардың ауыл экономикасының тұрақты дамуына, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға ықпал ететіні атап өтілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Тұрғындар өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Коалиция мүшелері әр сауалға нақты жауап беріп, жаңа Конституция жобасының мәні мен мазмұнын қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді.
Бұл басқосу – конституциялық реформаның маңызын халыққа түсіндіруге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы. Коалиция мүшелері алдағы уақытта да аудан көлемінде үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізе бермек.








