ӘкімдікБасты тақырып

«Жомарт жүрек» туған жердің қамқоршысы

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың  «Туған жерге тағзым!» - атты үлкен жобасы жалпы ауылды ажарландыруға бағытталған. Бұл іс аяқсыз қалмады. Өткен жылдан бері қаншама істер атқарылып ауылдың, ауданның ажарын кіргізді. Одан бөлек қайырымдылық шаралары көптеген жандардың қуанышына ортақтасты. Осы дүрмектен шетте жүрген азаматтарымыз аянып қалмай, қолдарынан келгенше туған жерді көркейту мақсатындағы жұмыстарға белсене атсалысты. Қалталы кәсіпкерлер демеушілік жасап, әлеуметтік қызмет орындары,   спорт алаңдары, балаларға арналған демалыс ошақтарының салуына тер төкті. Айналып келгенде, қаражатқа келіп тірелетін мәселелер көптің жұмылуымен шешілді. Оның ішінде жол қатынасы, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету секілді көптеген іс- шаралардың игілігін ел көріп жатыр.

Міне, туған жерге деген лебіздерін осындай жанашыр, ізгі ниеттерімен білдірген жандарға алғыс айту артық болмас. Кейінгі жастарға үлгі көрсетіп, патриоттық сезімін ұштаған аға буын жерлестерімізге құрмет қашан да жоғары. Осындай мақсатта Елбасы Жолдауындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында «Атамекен» кіші бағдарламасының «Жомарт жүрек» сыйлығы біздің жанашыр жерлестерімізге берілді.

Өткен жұмада аудандық мәдениет үйінде «Туған жерге тағзым!» шарасы басталғалы бірнеше рет демеушілік көрсеткен жандарға арналған салтанатты шара болды. Алдымен сөз алған аудан әкімі Дастан Сағыров акцияға қатысқандарға аудан халқы атынан алғыс айтты.

«Құрметті жерлестер, қадірлі ағайын!  Ауданымызда «Туған жерге тағзым!» акциясы арқылы қыруар жұмыстар жасалды. Осындай шараларды қорытындылайтын уақыт жетті. Әлі де жасалатын шаруалар бар, Бітпеген нысандар, құрылыстар бар. Бұнымен тоқтап қалмай жалғасын табады. Бүгін Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Оған аудан активі қатысты. Онда еліміздегі әлеуметтік салалар түгел қамтылған. Елдің тұрмысын жақсарту мақсатында іргелі жобалар жолға қойылып бағыт берілді. Қай кезде де елге қамқор, жанашыр жандардың көмегін көріп жатырмыз. Шетте жүрген азаматтарымыз мен ауылдағы жомарт жүректі адамдар туған жер үшін ештеңеден тайынбайтынын дәлелдеді. Біз мына алғыс  хаттарды әр әулеттің балаларына, ұрпақтарына үлгі болсын деп, олар әкелерінің немесе аналарынаң туған жер үшін қандай жұмыс жасағандарын ұқсын деген мақсатпен беріп отырмыз. Мұны елдің алғысы, халықтың ыстық ықыласы деп біліңіздер!» — деді.

Туған жерде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін Талғат Салфиков, Махмут Нәлібаев, Асхат Қабиев, Сейітжан Демеуғалиев, Рахиб Азизов, Жасталап Жанбауов, Дамир Тасмағанбетов, Берік Көздіғаринді «Жомарт жүрек сыйлығының «Жыл меценаты» номинациясымен марапаттады. Олар облысқа танымал кәсіпкерлер, ірі кәсіпорындардың басшылары. Ал, Ойыл аграрлық колледжінің директоры Серік Займолдин «Жыл тұлғасы» номинациясына ие болды. Одан соң туған өлкені көркейту мен елді мекенді абаттандыруға үлес қосқандар аудан әкімінің алғыс хатын алды.

«Қыста жол қатынасы қиындағанда техникаларын әкеліп немесе басқа да елді мекендегі ортақ проблемаларды шешуге әрқашан дайын тұратын азаматтар бар. Олар ресми түрде аудан әкімінің ауылдағы өкілі болып бекітілді» — деген аудан басшысы Дастан Жарылқасынұлы Ойыл селосынан бастап әр ауыл, елді мекендердегі кәсіпкерлерге «Ауыл қамқоршысы» деген куәлік тапсырды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар