ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН КҮН
1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күні. Бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты мереке орталық саябақта сән-салтанатымен тойланды.Мейрамның негізгі мақсаты қоғамның назарын балаларға аудару. Бұл атаулы мейрамды атап өту жөніндегі шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған.
Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізіліпті. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды. Халықаралық балалар күні мерекесінің туы да бар. Осылайша, Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет — болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру болып табылады.
Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы балғын бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, жыл бойы әртүрлі деңгейдегі білім, өнер, спорт сайыстары мен байқауларында ауданның намысын қорғап, топ жарып жүлдегер атанғандарды Алғыс хатымен марапаттады. Балғындардың кіршіксіз көңілдеріне қуаныш сыйлаған шараның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық саз мектебінің оқушылары ән-жыр, билерімен мерекенің шырайын келтірді.
Сондай-ақ, аудандық оқушылар үйі қолөнер бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырды. Балаларға арнап «Бала – бақыт, бала — шаттық, бала – нұр» атты сурет салу тақтасын орнатып, тегін бояғыш дәптерлер үлестірді.
Осы күні айтулы мерекеге орай жеке кәсіпкерлер мен бірқатар сауда орталықтары ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрғындарға төмен бағада ұсынды. Мерекелік шара соңында тоғызқұмалақ, шахмат, асық ату сынды ұлттық ойындардан жарыс өткізіліп, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен балаларға балмұздақ таратылды.
P.S АУДАН ӘКІМІ ОЙЫЛ КӘСІПТІК КОЛЛЕДЖІНДЕГІ ЭВАКУАЦИЯЛЫҚ ПУНКТТЕ ОРНАЛАСҚАН ЕКПЕТАЛ АУЫЛЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ БҮЛДІРШІНДЕРІН АРНАЙЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАП БАРДЫ. ІЗГІ ТІЛЕГІН ЖЕТКІЗІП, ӘРБІР БАЛАҒА СЫЙЛЫҚТАРЫН ТАБЫСТАДЫ.
Г.АБАЙҚЫЗЫ