Әлеумет
Түсінік жұмыстары жүргізілді
Жат ағымдардың жарға жығатындығын барлығы білуі тиіс. Ол үшін көпшіліктің деструктивтік діни ағымдарға қарсы иммунитетін ақпараттық-насихат жұмыстары арқылы қалыптастыру қажет. Осы кезеңге дейін мемлекеттік дін саласындағы саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Сонымен бірге «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. 2022 жылға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру бағытындағы ақпараттық топ ауданымызға келіп ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарих факультетінің ұстазы, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсенбин кездесуде дін мен салт-дәстүр арасындағы өзара байланысы туралы кеңінен тоқталды. Қазіргі таңда еліміздегі діни ахуал, түрлі діни ағымдардың ықпалының алдын алу, ғаламтор желісін дұрыс пайдаланудың маңыздылығы туралы «Аңсар» орталығының теолог маманы Нұрлан Асанов түсіндірді. Теолог маман өз кезегінде оқушыларға қазіргі әлемде болып жатқан соғыс, бүлік, түсініспеушілік, айыпталулардың негізгі себебі – білімсіздік екенін атап өтті. «Аңсар» орталығының психолог маманы Ақжол Қасенов оқушыларға деструктивті діни ағымның қаупін және дәстүрлі емес ағым өкілдерінің белгілері жайлы айтып, ақпарат берді. Әсіресе мектеп бітіретін оқушыларға кез келген теріс идеологияның ықпалына еріп кетпеуі үшін абайсызда салафиттік ағымға кіріп адасып жүрген жастардың өкініштерінен мысалдар келтіре отырып, кеңірек мәлімет берді.
Жат діни ағымдар адам санасын улайтыны және осы арбаудан арылу жолдары туралы тереңінен түсіндіріліп, терроризм мен экстремизмнің алдын алу және онымен күресудің жолдарын, елімізге келтіретін зардаптарын жан-жақты талдап, жастарды қатер төндіретін жат діни ағымдардан сақ болуға шақырды.