Спорт
Балғындар арасындағы бокс үш күнге ұласып, 4 чемпион тұғырдан көрінді.
Жуырда Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Астана қаласының 20 жылдығына орай Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Асанғали Шыңбаевты еске алуға арналған бокстан Ойыл ауданының ашық біріншілігі өткізілді. Алғашында өзара кездесіп, шаршы алаңға бойларын үйретіп жүрген біздің балғындар бұл жолы жоғары дәрежедегі додада сынға түсті. Аудандық біріншіліктің өткізілуіне Асанғали Шыңбаевтың ұлы Марат Шыңбаев, Ақтөбе облысының әуесқой бокс федерациясы және аудандық спорт, білім бөлімдерімен қатар Ойыл балалар – жасөспірімдер спорт мектебі демеушілік көрсетті. Аудандық ашық біріншілікке 13 командадан (Ойыл, Бадамша, Темір, Мәртөк, Байғанин, Қобда, Хромтау, Ырғыз аудандары, Атырау облысы, Ақтөбе қаласынан (№1 Ақтөбе БЖСМ, №4 ОМБЖОРМ, Ақтөбе бокс мектебі, АОӘ бокс федерациясы) 17 салмақ бойынша, 160-қа жуық балғын боксы қатынасып, өзара бақтарын сынады. Біріншілік АИБА ережесіне сәйкес өтті. Айта кетсек, біздің ауданнан да 20-ға жуық балғын тас-түйін дайындықпен жұдырықтасып, ойылдықтарға да бокстың жат еместігін көрсетті. Аудандық турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев қатынасып, барлық спортшыларымызға сәттілік тіледі. Үш күнге созылған айтулы турнирде бокс жанкүйерлерінің қарасы көп болды. Аталған спорттық бәсеке ақтық кездесулерде тартысты жекпе-жектерге ұласты. Көршілес Атырау облысынан келген балғын боксшылар өздерінің шебер жұдырықтасу тәсілдерімен талай додаларда ысылып, қайрауы жетіп тұрғандарын көрсете білді. Өзіміздің жерлестерге келсек, бокс үйірмесінің ашылғанына көп болмаса да, олардың тынымсыз тер төгіп, дамылсыз дайындықтың арқасында әбден шыңдалып қалғандықтарын аңғардық. Әрине кей тұстарда әттеген-ай деген жерлеріміз де болды. Бұл спорттық бәсеке болғандықтан бап пен бақ қатар шапты.
Әр боксшы қарсыласына есе жібермеуге тырысты. Сонымен бірге облыс орталығындағы спорт мектептерінен келген боксшылар өздерінің осал еместіктерін көрсетті. Сақтықпен қорғанып, қарсыласқа қарымды соққы жасай білді. Сонымен балғындар арасындағы аудан біріншілігінің нәтижесіне тоқталсақ, Ойылдан 15 боксшы жүлделі орындарға қол жеткізсе, Әлішер Каримоллин, Дамир Галиакбаров, Виктор Ақеділов, Қуанышбек Орынғалиевтар турнирдің чемпионы атанды. Сонымен қатар, «Ең үздік боксшы» атағымен атыраулық Марат Әнуарбек марапатталса, «Ең үздік төреші» номинациясына ақтөбелік Нұрсұлтан Бибатыров ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ақтөбе облысы әуесқой бокс федерациясының және Ойыл балалар – жасөспірімдер спорт мектебінің мақтау қағаздарымен қатар арнайы медальдарымен марапатталды.
Марат Ануарбек, «Ең үздік боксшы»
Ойыл өңірі бізге жақсы таныс. Өйткені мұнда біздің спортшыларымыз спорттық додалардан өткізілетін аудандық, облыстық турнирлерге жиі келіп тұрады. Маған жаттықтырушым Ойылға барасың дегенде, қатты қуандым. Ондағы басты мақсатым — бокстан өтетін турнирге қатысып чемпион атану болды. Екіншіден, Ойыл деген киелі өңірді өз көзіммен көрсем деген ой болды. Бүгінгі турнирде арманым орындалды. Енді алға қойған мақсатым шаршы алаңдағы шеберлігімді шыңдай беру.
Нұрсұлтан Бибатыров, «Ең үздік төреші»
Ойыл ауданында өткізілген аудан біріншілігі барлық спортшылар үшін жеңіс тұғырына серпіліс жасауға үлкен мүмкіндік болды. Өйткені әр спортшының биіктен көрінуі үшін кішкене кезінен бастап спорттың әр сатыларынан сүрінбей шебер өтуі басты міндет. «Боламын дегеннің бетін қақпай, белін буу» бізге де тікелей қатысты. Сондықтан әр боксшының жасаған әдіс-тәсілдерін ескеріп, әділ бағасын қоюға тырысамыз. Бүгінгі аудан біріншілігі жоғары деңгейде өтті. Олай дейтін себебіміз барлық спортшыларымыз аянбай тер төгіп, боксқа деген ұмтылыстарын көрсете білді.
Бокс жанкүйері, Амантай Қисықов.
Ойыл тарихынан ұзақ уақыт үзіліп қалған бокс соңғы екі, үш жылда қайтадан ашылды. Кейінгі буынның спорттың бұл түріне деген қызығушылығы көңіл қуантады. Аз ғана уақыттың ішінде осындай жоғары көлемдегі турнир ұйымдастырып жатқан аудандық спорт мектебінің жұмысы белсенді. Ауданда бокстан турнир өтеді дегеннен бастап, біздің балғындарымыздың қарқынын тамашалауға асықтық. Турнирдің үш күнінде де әр кездесуді жібермей қарадым. Жалпы балалардың деңгейі жаман емес. Әйтсе де олармен өткізілетін жаттығуды тоқтатпау керек. Өйткені шаршы алаңға енді ғана қадам басқан балалар талай-талай додалардан тыс қалмай, алға қарай ұмтыла берсе, нағыз боксшылар бізденде шығарына күмәнмен қарауға болмас.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.