«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!»

«AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының мәжіліс залында **«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Ойыл аудандық коалициясы** мүмкіндігі шектеулі азаматтар және көп балалы аналармен арнайы кездесу өткізді. Бұл басқосу – қоғамның әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін топтарымен ашық әрі мазмұнды диалог орнатуға бағытталды.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасындағы әлеуметтік мемлекет қағидаты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту мәселелері кеңінен түсіндірілді. Әсіресе, әлеуметтік қолдау шараларының тұрақтылығы, тең мүмкіндіктер қағидаты, инклюзивті орта қалыптастыру, ана мен баланы қорғау бағыттары туралы нақты айтылды.
Көп балалы аналар отбасы институтын қолдау, әлеуметтік жәрдемақылар мен мемлекеттік кепілдіктердің сақталуы жөнінде өз ойларын білдірсе, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қолжетімді орта, сапалы медициналық қызмет пен әлеуметтік қорғау мәселелерін көтерді. Коалиция мүшелері қойылған сұрақтарға жауап беріп, жаңа Ата заңда адам құқығының басымдығы мен әлеуметтік әділеттілік ұстанымы басты орында екендігін атап өтті.
Бұл кездесу – тек түсіндіру жұмысы ғана емес, қоғамдағы әр азаматтың дауысы естілуі тиіс деген ұстанымның көрінісі. Коалиция мүшелері алдағы республикалық референдумның маңызын атап өтіп, барша тұрғындарды ел болашағына жауапкершілікпен қарап, саналы таңдау жасауға шақырды.



