ӘлеуметБасты тақырыпБілім

«БІЛІМДІ ҰЛТ: ТЕРЕҢ БІЛІМ, ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ ОТАНШЫЛДЫҚ ҚАСИЕТ»

Өткен апта аудандық мәдениет үйінде білім саласы қызметкерлерінің «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы  дәстүрлі «тамыз конференциясы» өтті. Жыл сайын жаңа оқу жылы алдында өткізілетін тамыз кеңесі ұстаздар үшін маңызды жиын. Ол алдағы бір жылға мақсат жоспарларды бағдарлап, міндеттерді айқындайды. Жиын барысында өткен оқу жылы қорытындыланып, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер мен білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалып, жалпы елімізде білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар таныстырылды. Алғаш сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Меруенов жаңа оқу жылының басты ерекшеліктеріне тоқталып, оқу жүйесінде іске асатын басты мақсат – міндеттерді атап өтті. Келесі сөз кезегінде аудан әкімі Асқар Қазыбаев барша ұстаздар қауымын құттықтап, білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын, саладағы негізгі басым бағыттарды атап өтіп, алдағы жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Шара барысында Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Бибінұр Аманғалиева, Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің биология пәні мұғалімі Сағыныш Дабылова Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталды. ҚР оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрлыжан Мұқашев, Қараой мектеп балабақшасының мұғалімі Гүлжанар Абдраемова, сонымен қатар Сапақкөл орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айымгүл Құлекешова, Саға мектеп балабақшасының балабақша тәрбиешісі Жадыра Әдепова, Қаракемер мектеп балабақшасының технология пәнінің мұғалімі Жазира Абилова, Қаракемер мектеп балабақшасының технология пәні мұғалімі Ляззат Ниязоваларға облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы» табысталды. Сонымен қатар Ойыл ауданының әкімінің «Құрмет грамотасы» білім беру саласына ерекше үлес қосқан бірқатар ұстаздарға табысталды. Талай шәкірттің арманына жету жолында шамшырағы болған, мерейлі 70-75 жасқа жетіп отырған ардагерлерлерге аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлының ыстық лебізі жолданды.
Ойыл қазақ орта мектебінің алғашқы әскери дайындық жетекшісі Серік Майланов, Құрман орта мектебінің алғашқы әскери дайындық жетекшісі Бақсиық Сатығалиев Қазақстанның халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы естелік мерейтойлық медалімен, Ойыл ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Әли Әжниязов «Қазақстанның қарулы күштеріне 30 жыл» мерейтойлық медалімен наградталды.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар