«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!»

Ойыл аудандық коалициясының мүшелері «QazaqGaz Aimaq» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының Ойыл аудандық бөлімшесінің еңбек ұжымымен кездесіп, республикалық референдумға қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Конституцияның қоғам дамуына, әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге қосар үлесі жөнінде кеңінен тоқталды. Әсіресе еңбек адамының құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік кепілдіктерді нығайту және өндіріс саласындағы қызметкерлердің заң алдындағы құқықтарының сақталуы секілді маңызды бағыттар түсіндірілді.
Сонымен қатар жаңа Конституцияның басты мақсаты – елдегі әділеттілік қағидатын нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамның барлық саласында тең мүмкіндіктер қалыптастыру екендігі атап өтілді. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, еңбек ұжымы өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Осындай кездесулер арқылы коалиция мүшелері референдумның маңызын түсіндірумен қатар, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдау ісіне әрбір азаматтың жауапкершілікпен қарауы керектігін жеткізді.











