«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!»

Бүгін коалиция мүшелері – Айсұлу Мамбетова, Молдашқали Қазмұханов, Роза Ұлықпанова, Серікбай Қойбағаров Ойыл орман шаруашылығы мекемесінің еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасы бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында Ата заңның ел дамуы үшін стратегиялық маңызы мен оның табиғатты қорғау, еңбек құқығын сақтау бағытындағы нормалары кеңінен түсіндірілді.
Спикерлер өз сөздерінде жаңа Конституцияда экология мәселесіне ерекше мән берілгенін атап өтті. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, болашақ ұрпақ алдында жауапкершілік қағидаты – конституциялық деңгейде бекітілетін маңызды ұстанымдардың бірі екені айтылды. Орман шаруашылығы саласының мамандары үшін бұл нормалар күнделікті еңбектерімен тікелей байланысты.
Сонымен қатар, еңбек ету құқығы, қауіпсіз әрі әділ еңбек жағдайын қамтамасыз ету, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы секілді мәселелерге назар аударылды. Жаңа Ата заңда әр азаматтың еңбегі құрметтелуі тиіс екені, еңбек адамының құқығы заңмен қорғалатыны нақты айқындалатыны түсіндірілді.
Кездесу ашық әрі мазмұнды пікір алмасу форматында өтті. Ұжым мүшелері өз ойларын білдіріп, ел болашағына қатысты жауапкершілікті сезінетіндерін жеткізді. Коалиция мүшелері алдағы референдумның маңызын атап өтіп, әр азаматты белсенділік танытып, саналы таңдау жасауға шақырды.





