АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ОЙЫЛДА БАС ҚОСТЫ
ӨТКЕН АПТАДА ОЙЫЛ КӘСІПТІК КОЛЛЕДЖІНДЕ АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БАСҚАРМА БАСШЫЛАРЫ, ҚАРЖЫ ИНСТИТУТТАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ЖӘНЕ ОЙЫЛ АУДАНЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ.

Аталған кездесуге аудан әкімі Асқар Қазыбаев, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, кәсіпкерлер, бірқатар мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері және сала мамандары қатысты.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласын несиелеу, субсидиялау, мемлекеттік қолдау шаралары және қолданыстағы бағдарламалар жан-жақты түсіндірілді. Қаржы институттарының өкілдері жеңілдетілген несие алу тетіктері, пайыздық мөлшерлемелер, кепілдік мәселелері мен кәсіпкерлерге арналған жаңа мүмкіндіктер жөнінде кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, мал басын көбейту, егін шаруашылығын дамыту және жылыжай ісін қолдау бағыттары бойынша нақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласына қатысты қойылған сұрақтар бойынша жеке қабылдаулар ұйымдастырылып, сала өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша жауапты мамандардан нақты жауаптар алып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын қолдау тетіктері жөнінде пікір алмасты.
Бағдарлама аясында қонақтар кәсіптік колледж базасындағы ветеринариялық клиника жұмысымен танысты. Онда малды қолдан ұрықтандыру, ветеринариялық тәжірибелік сабақтардың өткізілу барысы көрсетіліп, студенттердің тәжірибелік дағдыларды меңгеру деңгейі таныстырылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың ауыл шаруашылығы саласына қажетті білікті мамандар даярлаудағы маңызы ерекше екендігі атап өтілді.
Жиын соңында жұмысшы топ Ойыл селосындағы жылыжай шаруашылығының жұмысымен танысты. Жылыжайда көкөніс өнімдерін өсіру технологиясы, суару жүйесі, өнімді сақтау және өткізу жолдары көрсетіліп, ауыл кәсіпкерлері үшін тиімді тәжірибе ретінде ұсынылды. Кездесу қорытындысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған мұндай іс-шаралардың маңызы зор екені айтылып, сала өкілдеріне мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар берілді.



