ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ ЖОЛ АШАР ИГІ БАСТАМА
Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза сақтау және елді мекендерді көгалдандыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы игі бастамалардың жалғасы ретінде өткен сенбіде Ойыл ауданында ауқымды экологиялық шара ұйымдастырылды. «Мектеп орманшылығы» жобасы аясында өткен бұл акция туған өлкенің табиғи келбетін жақсартуға, жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Шара аудандық орман шаруашылығы мекемесі мен Ойыл аудандық білім бөлімінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жоғары деңгейде өтті. Іс-шараға аудан әкімі, білім бөлімінің өкілдері, ұстаздар, белсенді жастар мен мектеп оқушылары қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті.
Экологиялық акция барысында 120 түп терек көшеті отырғызылды. Бұл бастама – табиғатты қорғауға қосылған нақты үлес қана емес, келешек ұрпаққа жасалған қамқорлықтың айқын белгісі. Әрбір егілген көшет – ауданның ертеңгі көркі, елдің болашағына деген сенімнің символы.
Осындай шаралардың маңыздылығы – оның тәрбиелік мәнінде. Оқушылар табиғатты аялаудың, туған жерді сүюдің үлгісін іс жүзінде көріп, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды үйренеді.
Қазіргі таңда экологиялық мәселелер әлемдік деңгейде өзекті болып отырғаны белгілі. Сондықтан Ойыл ауданында жүзеге асқан бұл бастама – уақыт талабына сай қолға алынған маңызды қадамдардың бірі. Мұндай шаралар ауданның экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген
көзқарасын өзгертуге де ықпал етеді. Туған жердің табиғатын түлетуге бағытталған осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, кең көлемде жүзеге аса беретініне сенім мол. Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ іс, келешек ұрпақ алдындағы қасиетті парыз.



