Әлеумет

ОЙЫЛ АУДАНЫНДА ҚҰРБАН АЙТ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Ойыл ауданында Құрбан айт намазы таңғы сағат 06:30-да оқылды.
Намаздан кейін бас имам Бақжарық Қызырұлы Құрбан айттың мән-маңызы туралы “Құрбан айт – ұлық мереке” тақырыбында уағыз-насихат айтып, бұл күннің мұсылман қауымы үшін бауырмалдық пен бірлікті нығайтатын, ізгілік пен қайырымдылыққа үндейтін ерекше мереке екенін атап өтті. Сондай-ақ Алланың разылығы үшін жасалатын құлшылықтың, ықыласпен орындалатын құрбан шалу амалының сауабы еселенетін игі іс екені түсіндірілді. Құрбандық – мұқтаж жандарға жәрдем беріп, қоғамда бірлік пен ынтымақты нығайтатын ізгі амал екені де насихатталды. Бас имам жиналған жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, Алла Тағаланың мейірімі мен кешірімі жауып, әр шаңыраққа береке мен бақ-береке тіледі. Жамағат та мерекелік намаздан соң бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, елдің амандығы мен берекесі үшін дұға жасады.

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН ЖАРЫС ӨТТІ

Құрбан айт мерекесі аясында мешіт ауласында Парасат ақпараттық-кеңес беру және оңалту орталығы мен Ойыл аудандық мешітінің бірлесе ұйымдастыруымен ұлттық спорт ойындарынан сайыстар
өтті. Шара барысында қатысушылар асық ату, кір тас көтеру, «Есек ойын» және бұқа тартыс ойындары бойынша бақ сынады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, арнайы ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Шара соңында Ойыл ауданының бас имамы Бақжарық Қызыр жастарға ізгі тілегін білдіріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, салт-дәстүрді дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, қатысушыларға алғыс айтып, ел бірлігі мен амандығын тіледі.

АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА ШАҒЫН ФУТБОЛ ТУРНИРІ ӨТТІ

Құрбан айт мерекесіне орай Ойыл ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 45 жастан жоғары азаматтар арасында шағын футболдан аудандық турнир ұйымдастырылды. Аталған жарыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және ардагер спортшылар арасында достық қарым-қатынасты нығайту. Турнир барысында қатысушылар жоғары белсенділік танытып, көрермендерге тартысты ойын сыйлады. Тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша ІІІ орын «Дос» командасына бұйырса, ІІ орынға «Арда» командасы ие болды. Жүлделі І орынды «Ойыл мешіт» командасы
жеңіп алды. Жеңімпаз және жүлдегер командалар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

ҚҰРБАН АЙТТЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІНДЕ ҚҰРБАНДЫҚ ЕТІ МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА ҮЛЕСТІРІЛДІ

Ойыл ауданында Құрбан айт мерекесінің бірінші күнінде арнайы мал сою цехында 13 қой
мен 2 ірі қара малы құрбандыққа шалынды. Шариғат талаптарына сай жүзеге асқан құрбан шалу
рәсімінен кейін сойылған мал еттері әлеуметтік азқамтылған жағдайы төмен және көмекке мұқтаж 50 отбасыға таратылды.

ЖАТАҚХАНА СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚҰРБАНДЫҚ ЕТІ ТАРАТЫЛДЫ

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Ойыл аудандық мешітінде “Құрбан айт-қайырымдылық көпірі” атты игі шара ұйымдастырылып, Ойыл кәсіптік колледжінің жатақхана студенттеріне құрбандық еті таратылды. Игі шараның мақсаты — студент жастарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, қайырымдылық пен жанашырлық құндылықтарын насихаттау. Игі іс шара барысында Ойыл ауданының бас имамы Бақжарық Қызырұлы студенттерді Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бірлік пен мейірімнің маңызын атап өтті. Сонымен қатар жастарға ізгі тілегін білдіріп, білім жолында табыс тіледі. Өз кезегінде жатақхана студенттері көрсетілген қамқорлық пен ыстық ықылас үшін ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдірді.

«АМАНГЕЛДІ» АУЫЛДЫҚ МЕШІТІНДЕ БАЛАЛАР АРАСЫНДА ЖАРЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Ойыл ауданына қарасты «Амангелді» ауылдық мешітінде балалар арасында жарыс ұйымдастырылды. Шараны мешіт имамы Жамаладдин Дүйсенов ұйымдастырып, бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады. Жарыс барысында балалар түрлі ойындар мен сайыстарға қатысып, белсенділік танытты. Аталған шара Құрбан айттың ізгілік, мейірім және қамқорлық секілді құндылықтарын дәріптеуге бағытталды. Мерекелік шара барысында балаларға 100 дана балмұздақ пен түрлі тәттілер үлестіріліп, бүлдіршіндердің қуанышты сәттеріне себеп болды.

Related Articles

Back to top button