Әлеумет
Игі істер көп болсын!
Бүгінгі қоғамда игі істер жасап,ауданымызға үлгі көрсетіп жүрген кең жүректі азаматтарымыз жетерлік. Мұның бір дәлелі- Саралжын ауылдық округінің «Спарта» шаруа қожалығының басшысы Спартак Төремұратов. Ә.Дербісәлин атындағы Саралжын орта мектебінің 10 оқушысы күзгі каникул кезінде Спартак мырзаның ұйымдастыруымен Алматы қаласына саяхат жасады. Осымен үшінші рет жер аралатып жүрген кәсіпкер Нұрсұлтан,Түркістан қалаларында болған. Бұл жыл сайынғы дәстүрге айналған үрдіс. Оқушыларды саяхатқа апарудағы мақсаты Қазақстанның көрікті қалаларын аралату, ел-жер көрсету, балалардың бойын жаман әрекеттерден аулақ салу, бос уақытын және қауіпсіз демалысын ұйымдастыру. Эстетикалық бағытта ұйымдастырылған іс шара барысында балалар үшін екі күндік бағдарлама ұйымдастырылған. Бірінші күні – Алматы орталық музейінде экскурсия жасаса, келесі күні – Алматының әсем жерлерін аралаған. Балалардың келуінен бастап, оларды орналастырылу, көрмеге апару, қаланың ішіндегі саяхат және шығарып салу қатынасының бағыты белгіленген.
«Жазда балалар бақшада жұмыс жасап еңбегінің рахметі ретінде іске асырылып отыр. Көктемде айтқан едім егер бақша жақсы өнім беріп,пайда тигізсе қыдыртамын деп. Өкінішке орай бақшада өнім шықпады, пайда көре алмадық. Балалардың үмітін аяқ асты етпейін деп қыдырып келдік. Саяхат барысында балалардың алған әсері өте тамаша.
«Атың барда жер таны,желіп жүріп дегендей қаражатым мен уақытым болса өзімде саяхаттағанды жақсы көремін. Көбісі демалыс десе неше түрлі ойындар ойнап,жаман әрекеттермен айналысып кетеді. Демалыста жер танып,Қазақстанның қалаларын,шетелге шығып олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, шипажайларға барып демалған дұрыс. Саяхаттағанда ең алдымен музейді көрсетемін. Балалар тарихымызды көрсін, білсін деймін. Тапқан табысымды тек қана өзіме жұмсай бермей,осындай игі істерге жұмсаймын. Ақшаны үлестіруге болмайды,арамтамақтыққа үйретесің. Ізгі мақсаттарға жұмсап, өзің жақсы көрген нәрсеге үйретсең балаларда соған талпынады. Қазақ «Берсең, балаға бер» дейді, сондықтан балаларды қолымнан келгенше демеп отырамын. Қазақстанның болашағы осы балалардың қолында. Олар шыны керек
Ақтөбенің базары мен «Мега»ойын-сауық орталығынан басқа ештеңе көрмейді. Сол үшін ауыл ортасында ғана қалып қоймай,ел-жер көрсе екен, дүниетанымдары кеңейсе деймін. Жалпы мақсатымыз осы»- дейді жеке кәсіпкер.
Спартак Шеруенұлының басқа кәсіпкерлерден ерекшелігі осыда. Жыл сайын оқушыларды басқа қалаларға қыдырту.
«Алға қойған мақсаттарымның бірі өз қызметкерлерімді шетелдерге қыдырту. Қалада қолдау көрсететін ауылдас ағам бар. Ауылда жастар орталығын салып жатырмыз. Жастардың баратын орны болу керек,ауылымыз қартайып,жастарымыз қалаға қарай кетіп жатыр. Мақсатымыз жастарды ауылға тарту,тұрақтандыру. Әртүрлі әлеуметтік жобаларымыз бар. Жаңа жылда жыл сайын ауылдың барлық балаларына сыйлық таратамыз. Құрбан айт кезінде балаларға тегін балмұздақ тараттық. Осындай әлеуметтік жобаларымыз баршылық.Қолымыздан келгенше ауылымызды көркейткіміз келеді».
Саяхатқа барған оқушылар арасында Ә.Дербісәлин атындағы Саралжын орта мектебінің 11 сынып оқушысы Карим Жақсыбаев алған әсерімен бөлісті.
— Жолды есептемегенде Алматы қаласындағы демалыс 2 күнге созылды.Алматы қаласының көрікті жерлерін араладық.Алматы орталық музейі,Желтоқсан көтерілісі болған орындағы скульптураларға шолу жасадық. Аты алты алашқа анық Медеу мұз айдынына бардық. Бірінші кезекте мыңға жуық баспалдағы бар тауға шықтық.Тегістік өңірде өмір сүретін біздер үшін бұл жер ерекше таңданыс тудырмай қоймады.Алып та асқақ таулардың жиегінде болып көру кішігірім арманымыз болғанын жасыра алмаймыз.Одан бөлек хайуанаттар бағы мен,Алматы орталық паркінде аттракциондар мен ойын-сауық орталықтарында уақыт өткіздік.Алматының сәніне айналған Көктөбенің аумағында табиғат пен қаланың сұлулығын қызықтап,естелікке суретке түсіп күн батырдық. Өркениет пен мәдениет орталығындағы кең көлемді демалыс үшін Төремұратов Спартак Шеруенұлына барша оқушылар атынан үлкен алғыс айтамыз,жаңа бастамаларыңыз оң болғай. Бізде өз кезегімізде Спартак Төремұратовқа әрбір игі істер мен жаңа бастамаларыңызда сәттілік серік болып, отбасыңызға баянды бақыт пен бақ — береке келсін! –демекпіз.
Гаухар Алексеева,
Ойыл селосы.