Мәдениет

ӨНЕР ӨРІНЕ САМҒАҒАН ОЙЫЛДЫҚ ӨРЕНДЕР

 

Шымкент шаһарында «Star way» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қызғалдақтар әлемі – 2026» республикалық шығармашылық байқауы Ойыл өңірінің өнерпаздары үшін үлкен жеңіспен аяқталды. Ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатып, туған өлкенің абыройын республика деңгейінде танытқан аудандық мәдениет үйінің өнер ұжымдары жүлделі І орындарды иеленіп, ел мерейін үстем етті. Байқауда Ойыл аудандық мәдениет үйінің мақтанышы саналатын Құрал Қанатұлы жетекшілік ететін «Өлке сазы» фольклорлық ансамблі жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігімен ерекшеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Күй құдіретін ұлықтап, қазақтың қасиетті домбырасынан төгілген сырлы әуенмен көрерменнің көңілін баураған өнерпаздар жүлделі І орынды қанжығаларына байлады. Бұл – ұлттық мұраны дәріптеп жүрген жас таланттардың тынымсыз еңбегі мен өнерге деген адалдығының жемісі. Сондай-ақ байқауда Үлгілі «Әсем» би ансамблі де жарқын өнерімен көзге түсіп, үздіктер қатарынан көрінді. Мың бұрала билеген бишілердің сахна мәдениеті, орындау шеберлігі мен көркем бейнесі көрермендер мен қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленіп, ансамбль жүлделі І орынға лайық деп танылды. Өнер додасына қатысушыларды жоғары деңгейде дайындап, шығармашылық табысқа жетелеген ансамбль жетекшісі Айкерім Мұратқызының еңбегі ерекше құрметке лайық. Оның кәсіби біліктілігі мен шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі ұжымның биік белестерді бағындыруына жол ашып келеді. Жеңімпаз ұжымдарға Ақтау, Орал және Алматы қалаларында өтетін шығармашылық байқауларға жолдамалар табысталды. Бұл – ойылдық өнерпаздардың алдағы уақытта да республикалық деңгейде аудан абыройын асқақтатып, жаңа жетістіктерге жетуіне берілген үлкен мүмкіндік. Ойыл өнерпаздарының бұл жетістігі – аудан мәдениетінің өркендеп келе жатқанын айғақтайтын жарқын көрсеткіш. Өнер көгінде қанат қаққан талантты жастарымызға шығармашылық шабыт, толағай табыс пен жаңа жеңістер тілейміз!

Өз тілшіміз.

Related Articles

Back to top button