Өткен ғасырдың соңғы қырық жылында жұртшылық жүрегінен орын тапқан ретро әндер қазіргі кезде өз тыңдармандарын жоғалтқан емес. Ретро әндерге күні бүгінге дейін жұрттың ықыласы ерекше. Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде «Сағынышқа толы сазды әуен» атты ретро концерті өтті. Ән кешінде 70-90 жылдардағы әндер айтылып, көрермендер бірер сәт сол кездерге саяхат жасап қайтты. Сондай-ақ, өзіндік тарихы бар, құлаққа сіңген «Попурри», «Жалын кешкен», «Іңкәр сезім», «Қуанышым менің», «Жанарымсың», «Махаббатпен ойнама, сен!» сынды жиырмадан астам ескі әндер шырқалып, көрермендер көңілімен бірер сәт сол замандағы кездерді еске түсіруге мүмкіндік берді. Концертте ескі әндер орындалып қана қоймай сол жылдарда түсірілген фильмдерден де көріністер қойылды. Мұндай іс-шараларды сағынған жұрт, өнерпаздармен бірге қосылып ән шырқады. Ретро әндерден рухани сусындаған жұртшылық шараны ұйымдастырушылар мен өнерпаздарға дән риза көңілдерін жасырмады. Әлемді жайлаған індетке байланысты кең отырып тамашалайтын ән кештерін сағынған әнсүйер халық көтеріңкі көңілмен тарқасты.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.