Басты тақырыпМәдениетРухани жаңғыру
«Анаға тағзым!» Ойыл бірінші бастады
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Республика бойынша алғаш рет облысымызда «Анаға тағзым» атты аналар слеті үлкен деңгейде өткен болатын. Міне осының жалғасы біздің ауданда да жүзеге асырылуда. Тарқатып айтсақ, өткен жұмада облысымызға қарасты 12 ауданның ішінде біздің Ойыл ауданы алғаш болып отбасы институтын нығайту, ана мен бала үшін қолайлы орта қалыптастыру, ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде қыз бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді талқылау мақсатында «Анаға тағзым» аймақтық аналар форумына ұйытқы болды.
Форумға жан-жақтан шақыртылған меймандар яғни, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан және облысымызға қарасты аудандардан арнайы делегаттар келіп, өз үлестерін қосты. Айтулы форум аудандық мәдениет үйінде «Ұрпаққа мұра — ұлттық қазына» атты көрмемен басталды. Көрмеге аудандағы 6 ауылдық округтен құрылған «Әжелер» клубтары атсалысты. Олардың бірі көрмеге қыз жасауларын шығарса, бірі ет, сүт, тары өнімдерінен жасалған ұлттық тағам түрлерін ұсынды. Енді бірі ши тоқып, құрт жасады. Сонымен бірге ауданның іргесінде қатар орналасқан Екпетал елді мекенінің әжелері бақ-бақша өнімдерімен көрменің сәнін кіргізді. Көрмені тамашалауға келген аудан қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татты. Одан кейін «Анаға тағзым» аймақтық форумы салтанатты түрде ашылды. Алғаш болып сөз сөйлеген аудан әкімі Дастан Сағыров форумға қатысып отырған барлық көп балалы аналар мен кәсіпкер, әр салада қызмет етіп жатқан іскер аналарға аудан тұрғындарының атынан үлкен алғысын жеткізді. Келесі ретте сөздің кезегін сахна төрінде арнайы қойылған үстелдерде еркін жайғасып отырған меймандар жалғады. Онда алдымен облыс әкімінің сәлемін жеткізген Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ақмарал Хон барша нәзік жанды, асыл аналарды айтулы форуммен құттықтады. Бұл форум анаға деген шынайы құрметтің белгісі екенін, оны облыстан кейін алғаш болып ойылдықтар жүзеге асырып жатқандығын тебірене жеткізді. Тілектермен тоғысқан бұл күн біздің жерлестер үшін ана деп елжіреп, анаға деген ыстық махаббаттың еселенген күні болды. Аяулы аналарымызға шексіз құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары таратылды. Аналарға арналып мерекелік дастархан жайылды.
Аталмыш форум түстен кейін село орталығындағы білім ошақтарында секциялық отырыстармен жалғасты. Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп гимназиясында музыка мектебінің ұжымдары және Ойыл аудандық орталық кітапханасының бірлесуімен «Әлемді тербеткен ана» атты кездесу кеші өтті. Бұл кездесуде Гүлжан Ағымбетқызы, Қаракөз Сағынова, Ләйла Омарова сияқты өнер адамдарымен ашық түрде әңгіме айтылды. Жалпы өнер жолында талантты болу, оны дәріптеп алып жүру екінің-бірінің қолынан келе бермейтін іс екені айтпаса да түсінікті. Міне бұл кісілер сондай жағдайларға қарамастан биік шыңдарды бағындырып, туған жерлеріне өз үлестерімен қатар, шәкірттерге бағыт-бағдар берген жандар. Өнер жасқа қарамайды. Соның дәлелі осы шығар. Осы кеште Гүлжан апайымыз әлі күнге дейін өнерден алыстамағанын мың бұралған биімен көрсетсе, ал Қаракөз апайымыз жиналған залдағы көрермендерді табиғи дауысымен еліктіріп тамсандырды. Сонымен қатар Ойыл қазақ орта мектебі мен Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде бала тәрбиесімен бірге ұлттық салт-дәстүріміз дәріптелді. Нақтырақ айтсақ, секциялық отырыстарда көптеген ана туралы, тәрбие жөнінде әңгімелер айтылып, мектеп оқушыларына оң ықпалын тигізді. Әрі қарай жалғастырсақ, таңертеңнен басталған шара кешкілік аудандық мәдениет үйінде концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. «Анаға тағзым» акциясымен тұспа-тұс келген «Ақ әжелер» ансамблінің 10 жылдық мерекесі кең көлемде тойланды. Осы айтулы мерекеге әр ауыл аймақтардан әжелер келіп кештің көркін қыздыра білді. Тіпті, әжелер ансамблінің фестивалі сияқты әсерге бөледі. Айта кетсек, қалалық «Геолог» мәдениет үйі, Байғанин, Қаратөбе, Қызылқоға, Қобда, Темір ауданы сынды ансамбль әжелері келіп, Ойыл сахнасында сыңғырлаған қоңыр үнді дауыстарымен халық әндерін тамылжыта шырқады. Осындай кешке атсалысып бір ауыздан ұйымдасқан әжелерге және мәдениет қызметкерлеріне, келген қонақтарға өз алғысын білдірген аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы «Ақ әже» ансамблінің ұжымына алғыс хаттарымен бірге 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Өміргүл ТЕМІРХАН,
Ойыл селосы.