ӘлеуметБасты тақырып
«Инва такси» «Zhas Project-тің» кезекті жемісі
Тағы да «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы аясында «Инва такси» жобасы жүзеге асырылды. Енді Ойылдағы «Мейірім үйінде» ем алатын балаларды ата-аналары көшеден такси ұстап немесе өздері алдағы суық күндері балаларын әкеліп әуре болмайды. Себебі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Инва такси» тегін қызмет етіп, адамдарды тасымалдайтын болады.
Осы аптада «Инва такси»жобасының ашылу салтанаты болды. Оған мекеме басшылармен қатар аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы қатысып, өзінің игі тілегін білдірді. Одан кейін сөз алғанаудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұратбай Айдарбаев та тілегімен қатар осындай жобаны іске асырушылар туралы айта кетті. «Бүгін міне мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрып-жүруіне жасалып жатқан мүмкіндіктердің бірі «Инва такси» жобасының ашылу салтанатына қош келдіңіздер. Жалпы бұл жобаның тиімділігін өте көп. Енді ауруханаға да, Мейірім үйінде балалардың келуі ыңғайлы бола түсті. Осы «Zhas Project» жобасында ауданымыздың халқына тиер көмегі әлі алда. Себебі алты ай бойы тегін қызмет көрсету олардың жоба шарттарының бірі. Осындай жобалар берекесін тауып, алдағы уақытта санымен сапасының артуына тілектеспін» — деп сөзін түйіндеді. Расымен де, мүмкіндігі шектеулі жандар ешқашан қоғамнан қалмауы керек. Бұл жобаны іске асыруға ең бірінші әкімдік тарапынан болған ұсыныстан кейін Руслан Қаженов, Дияр Құбайдоллин, Гүлдана Жұмағазина осы жобаны топ болып қолға алды. Бүгінгі таңда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанның» нәтижесінде халыққа пайдасы тиетін істің арқауы болатыны сөзсіз. «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы арқылы ұсынылған грантты ұтып алған жастар енді өз қызметтерін халықтың игілігіне ұсынып отыр. Шара соңында «Инва такси» жобасының егелері мүмкіндігі шектеулі балаларға сый-сыяпаттар табыстады.
Өміргүл ТЕМІРХАН.