Басты тақырыпМәдениетРухани жаңғыру
Наурыздың нұрлы шуағы жаңғырған дәстүрмен ұштасты
Өткен бейсенбіде аудан орталығында Ұлыстың ұлы күніне орай мерекелік іс-шаралар таң ертемен басталды. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы орталық саябақ алдында ауданымызда алғашқы рет наурыздың нұры төгілген 12 ақшаң киіз үй тігіліп, мерекеге жиналған қалың жұртшылыққа есіктері айқара ашылды. Наурыз тойға жиналған мыңдаған аудан жұртшылығы мекемелер ұсынған наурыз көжеден дәм татты. Наурыз той мерекесінде жалпы жиылғандарға 1 тонна бауырсақ пен 2,5 тонна наурыз көже таратылды.
Күннің нұрлы шуағына малынған ағайын бір-біріне ақ тілектерін ақтарып, құшақтаса көрісті. Қарияларымыз елдің тыныштығын тілеп, ырыс, несібеміз арта берсін деген ақ баталарын берсе, мәдениет өнерпаздары домбыра шанағынан күй төгіп, арқалана ән салды. Биылғы Наурыз мерекесінің басты ерекшелігі Табиғат-Ананың әдеттегі жылдардағыдай тосын мінезі көрсетпей, мейірлене төккен шуағы ғана емес, сән салтанаты жарасқан ақ боз аттармен жарапазан айтқан сал серілер, батырлар, аузы дуалы елдің абыз ақсақалдары, ақ жаулықты аналар мен ибалы келіндерден құралған шеру көпшіліктің көңілінен шықты. Шара барысында аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысқан көбіне елене бермейтін еңбек адамдарын марапаттады. Мерекеде арқа-жарқа болған жұртшылық киіз үйлерден дәм татып, ұлттық спорт ойындары мен күштік экстрим спорт түрлерін тамашалады. Наурыз мерекесінде киіз үйлер мен наурыз көже дайындаған мекемелерге арнайы номинациялар табысталды.