Әлеумет

Жастарға жігер берген кеш

Мамандық таңдау жасөспірімдер үшін өте маңызды және жауапкершілік жүктейтіні кезең екені белгілі. Осыған орай Ойыл қазақ орта мектебінің жанынан құрылған ата-аналар клубының ұйымдастыруымен жоғары сынып оқушыларымен кездесу кеші өтті.

Мәдениет үйінде өткен шараны ата-аналар комитетінің төрағасы Гүлайым Қаплиева мен клуб жетекшісі Айсұлу Мәмбетова жүргізіп, жас мамандарды сырлы сұқбатқа шақыра білді. Жасөспірімдерге кәсіби бағдар беруді мақсат еткен шараға ауданымыздағы әр кәсіптің тізгінін ұстаған жас мамандар қатысты. Кеш қонақтары өрімдей жастар болғанмен, аз ғана уақыт ішінде мемлекеттік қызметтің қыр-сырына қанық болған Медет Құлмұханов, адам жанының арашасы болуды бала жасынан мақсат еткен хирург – дәрігер Дәулет Салин, сұлулық құпияларын меңгерген, болашақта осы кәсіпті үйренгісі келетіндерге курс ашқысы келетін Жанна Нұрқасова, өз сөзімен айтқанда «өлмейтін» мамандық мұғалімдік жолды таңдаған Дәулет Дулатұлы, «Жас кәсіпкер» жобасының 500 мың теңге грантын иеленген Күншашқан Жауынбаевтар ойларын ашық айтып, мамандық таңдауда асықпау, адаспау керектігін, қалайда «жүрек» атты әміршінің қалауына бағыну керектігін емеурінмен жеткізді. Сонымен қатар білімділерге даңғыл жол ашқан дәуірде ізденімпаздық, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерді санаға сіңіре отырып, білімге бет бұрып, биік тұғырды бағындыруға кеңес берді. «Еңбектің наны тәтті», — демекші, енжарлық пен еріншектікті ұмытып, елге адал қызмет ету арқылы жетістікке жетуге болатындығы да айтылды. Демек, «еңбек пен білім егіз» ұғым екені даусыз. Сондықтан да кеш соңында мектеп директоры Шынар Бисенова мен аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Сағида Досымбаева өзекті тақырыпты көтерген, яғни жоғары сынып оқушыларына бос уақытты текке өткізбеулері үшін салмақты ой салып, тәртіпсіздікті болдырмау керектігін кеңінен түсіндірген ата-аналар клубына ризашылықтарын білдірді.

Гаухар Ғаббасова,
11 класс ата-аналар комитетінің мүшесі.

Басқа жаңалықтар