Сайлауға қатысу — азаматтық жауапкершілік таныту
Ақтөбедегі №36 орта мектеп ғимаратында орналасқан №37 сайлау учаскесінің жұмысы әдеттегідей еліміздің Әнұранымен басталды. Мұнда ерте келіп дауыс берген сайлаушылардың бірі — белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ертай Ашықбаев.

— Биыл жаңа Конституция қабылдап, соның талабына орай, міне, Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз.
Тәуелсіздік алғалы халқымыз біраз белестен өтті. Өзгерістерге де куә болдық, өкінішті сәттерді де бастан өткердік. Өткенге салауат. Ендігі мақсатымыз — шын мәніндегі салиқалы қоғамға айналу. Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай емес, ақылға жүгіндік, талғамымыз өсті, талабымыз да жоғарылады.
Мына сайлауға сол себепті де бір сәттік науқан ретінде емес, мемлекетімізді бұдан әрі көркейтуге тиіс тұрлаулы таңдау ретінде қараймыз. Тұрлаулы таңдау болатын себебі — сайлауға түсетін партиялардың атын ғана емес, біршама деңгейде затын да біліп қалдық. Былайша айтқанда, бұл маңызды күнге сайлаушы ретінде де тиянақты дайындалдық.
Бәріміз армандап жүрген қоғам тек заң үстемдігі арқылы орнайды. Құрылтай еліміздің жаңғыруына тың серпін беретін құрылым болады деп сенеміз, — деп жеткізді ол өз пікірін.
Учаскеде дауыс беру жалғасып жатыр.
И. Жаймағамбетова.




