Сайлау учаскесіндегі жәрмеңке
«Халық кеңсесінде» орналасқан №540 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген ақтөбеліктер мәдени-рухани іс-шаралардың куәсі болды. Мұнда Құрылтай сайлауына орай облыстық өнер музейінің ұйымдастыруымен қолөнер жәрмеңкесі өтіп, келушілерге ұлттық қолөнердің сан алуан дәстүрлі үлгілері таныстырылды.

Жәрмеңке барысында халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі өнерін дәріптеп, мәдени мұрамызды кеңінен насихаттауға және ұлттық құндылықтардың мән-маңызын айшықтауға ерекше көңіл бөлінген.
Жәрмеңкеде Ақтөбе өңірінің қолөнер шеберлері өздері жасаған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынады. Атап айтқанда, ұлттық кәдесый бұйымдарын жасаудың шебері Ләйлә Байғанова, тоқыма бұйымдары мен ойыншықтар тоқитын Төлебике Күлтаева, ұлттық бұйымдар мен бас киімдер жасаушы Әйгерім Бержанова, әшекей бұйымдар дайындайтын Әлия Таңатарова және шәлі тоқушы Гаухар Еділовалар өз бұйымдарын көрмеге шығарды.

Сайлаушылар ұлттық өнердің түрлі үлгілерімен танысып, шеберлердің еңбектерін тамашалап жатыр.
— Қазақтың ұлттық нақышын қазіргі заманға сай стильмен үйлестіріп, түрлі бұйымдар жасаймын. Жәрмеңкеге заманауи үлгідегі қазақтың бас киімдерін, ұлттық киімдер мен футболкаларды және басқа да бұйымдарды алып келдім.
Еліміздің болашағы үшін маңызды науқан — Құрылтай сайлауы қарсаңында
ұлттық құндылықтарды заманауи форматта дәріптеп, қазақтың дәстүрлі өнерін кеңінен таныту мақсатында осындай әдемі жәрмеңке өткізіліп жатыр. Құрылтай – ел үшін маңызды шешім қабылданатын кезең. Сондықтан әр азамат өз таңдауын жасап, дауыс беруге белсенді қатысуы керек, — дейді Әйгерім Бержанова.

Ал жасы жетпісті алқымдаған қолөнер шебері Төлебике Күлтаева этно-стильдегі киім-кешек, күнделікті киетін кардигандар тоқиды екен. Ақтөбе облыстық шеберлер орталығының құрамында түрлі жәрмеңкелер мен іс-шараларға тұрақты қатысып, ұлттық өнерді насихаттап жүрген шебер таңертең ерте сайлау учаскесіне барып, алғашқылардың бірі болып таңдау жасағанын, содан соң осы жәрмеңкеге келгенін айтты.

— Елдің дамуы, келешек ұрпақтың амандығы мен тұрақтылығы — бәрімізге ортақ жауапкершілік. Осы жолда әрбір азаматтың таңдауы маңызды. Осындай жауапты сәтте шет қалмай, әр азамат ел болашағы үшін таңдауы жасауы керек, — дейді ол.

Сонымен қатар осы учаскеде Т.Ахтанов атындағы кітап дүкенінің кітаптары сатылымға шығарылды. Тұрғындар назарына тарихи-танымдық, көркем және рухани мазмұндағы түрлі әдебиеттер ұсынылып, келушілер өз қызығушылығына сай кітаптарды таңдап, сатып алып жатыр. Кітапқа деген белсенді қызығушылық тұрғындардың білім мен руханиятқа деген ықыласын аңғартып, оқу мәдениетінің қоғам өміріндегі маңызын айқындай түседі. Мұндай бастамалар ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттырып, мәдени мұраға қызығушылықты жандандырумен қатар, сайлау күнінің мазмұнын рухани тұрғыдан байытып, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлауда.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.


