Әлеумет
МЧС-жеңгей
Өткен жазда жұмыс бабымен Ойыл ауданының бұрынғы Доброво селосының ізіндегі «Ерұлан» шаруа қожалығына бардым. Шаруашылық иесі Мұрат Арыстанов ағамыз мал қарауға кетіпті. Гүлайым жеңгеміз құрт қайнатып жатыр екен. Алдыңғыларын жайып қойыпты. Бұрын үлкендер «Кір жуып жатқан үйге кідірме, тары қуырып жатқан үйге тоқтама!» — дейтін еді. Себебі, әңгімеге алаң болып, «кірі ашылмай қалады, тарысы күйіп кетеді» — деп…
Бізде көп кідірмеуге тырыстық. Жеңгейді шаруасынан қалдырмау үшін. Үнемі далада отырған жеңгеміздің «іші жарылуға» қалыпты. Аузы-аузына жұқпайды. Бəріне үлгеріп жүр. Сөйткенше болған жоқ, ағай да келіп қалды. Шаруамызды сөйлесіп, кетуге жинақталып жатсақ, жеңгеміз «Шəйға кіріңдер!» — деп тұр. Қай уақытта үлгергеніне таңым бар. Құрт қайнатып жатқан қазанның астынан шоқ алып кетті. Біз кірсек, аққұманы бұрқылдап тұр. Берекесін берсін, дастарханда тек қана қолдан жасалған өнімдер. Құртмай, қаймақ, сары май, ірімшік, қазы сияқты, тағысын тағы. Нан да даладағы пешке көмілген.
Жеңгеміз əпенділеу адам. Үнемі шалбар киіп жүреді. Ертеректе мал қарауға кеткен ағамыз келіп болмағасын, іздеуге шығайын десе маңайда көлік жоқ. Сосын аулада байлаулы тұрған мінгі білгенімен, көбеңсіп кеткен, жаздай жүген-құрық тимеген биені мініп кетіпті. Күздің қара суығы. Бие ала қашқанда аяқ киімі түсіп қалады. Содан көрші ауылға барса, ағай сонда отыр екен. Ел болып жабылып, жігіттердің өзі жеңгемізді əлгі биеден əзер түсіріп алыпты.
Тағы бірде Гүлайым жеңгеміз үйде жалғыз отырса, жолда көліктері балшыққа батып қалған жігіттер келіп, көмек сұрайды. Ағай малда жүреді. Ағай жоқ болғасын жігіттер амалсыз кетіп бара жатса, трактор гүр ете қалады. Арттарына қараса, Гүлекең тракторды айдап келеді. Сөйтіп көліктерін жеңгеміздің күшімен шығарып алған жігіттер алғысын жаудырып кетеді. Бұндай жағдай бірнеше рет болған. Жұрт МЧС-жеңгей деп қалжыңдайды.
Р.S. Мына құрттың көбісін қалада оқып жатқан балаларға беріп жібереді. Олар сатып жол-пұлына жаратады. Біз барғанда отыз сиыр бұзаулап тұр екен. «Оның тек онын сауып отырмын» — дейді. Ағай «бесеуі де жарайды» — десе керек. Жеңгей «екі қолым алдыма сыймайды» деп, əзірге ағайды жеңіп тұр. Ал, біздің келіндер екі сиырды да емізіп қойып, шəйға дүкеннің сүтін құяды…
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.