ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ – БАРЛЫҚ БЕЛЕСТІҢ БАСПАЛДАҒЫ
Адам өмірінде таңдаған мамандығына адал болып, сол жолда бар күш-жігерін жұмсап, ел игілігі үшін еңбек ету – үлкен бақыт. Әсіресе, ұрпақ тәрбиесімен байланысты ұстаздық жолды таңдау – жүректің батылдығы мен жан дүниенің тазалығын талап ететін қасиетті мамандық. Осындай саналы ғұмырын білім мен тәрбие ісіне арнап келе жатқан жанның бірі –Жанат Қожантаева.
Жанат Әбибуллақызы 1976 жылы Сыр өңірінің Шиелі ауданындағы Ортақшыл ауылында дүниеге келді. Ауыл мектебінен білім алды. 1992 жылы №150 Ортақшыл орта мектебін тәмамдаған жас талапкердің жүрегінде бала тәрбиесіне, білім беру ісіне деген ерекше құштарлық пайда болды. Осы арман оны ұстаздық мамандыққа жетеледі. 1994 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің Педагогика факультетіне оқуға түседі. 1998 жылы жоғары оқу орнын тәмамдайды. Алайда әр адамның өмір жолында тағдыр сыйлаған өзіндік белестер мен жауапты кезеңдер болады. 1998–2000 жылдары бала күтімімен айналысып, Жанат Қожантаева 2000 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебіне жұмысқа қабылданып, ұстаздық еңбек жолын бастады.
2007 жылы «Балдәурен» балабақшасына меңгеруші болып ауысты. Бұл қызметте бес жыл бойы еңбек етіп, балабақша ұжымына басшылық жасады. Басшылық қызмет – тек басқару ғана емес, әр адамның қабілетін танып, ұжымның бірлігін сақтап, ортақ мақсатқа жұмылдыра білу. Осы жылдары Жанат Қожантаева өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлік қасиетін таныта білді. 2012 жылы ол қайтадан мектеп қабырғасына оралып, оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарды. Ал, 2013 жылдан бастап Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінде әлеуметтік педагог болып еңбек етті. Бұл қызметте де ол өзінің адамгершілік қасиеті мен кәсіби шеберлігін көрсете білді.
Өмір жолындағы ана болу бақыты мен ұстаздық міндетті қатар алып жүрген жан 2015 жылдан бастап бастауыш сынып мұғалімі ретінде еңбек жолын жалғастырып келеді. Бүгінде ол кішкентай бүлдіршіндердің білім әлеміне алғашқы қадам жасауына жол көрсетіп, олардың бойына адамгершілік, ізгілік, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге аянбай еңбек етуде.
Жанат – өз ісінің шебері, білімі мен тәжірибесін шәкірттеріне жүрекпен жеткізетін білікті ұстаз. Еңбегіңіз жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістігі қуанта берсін!
Ақтөбе облыстық білім кәсіподағы



