ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпБілімДенсаулықМәдениетРухани жаңғыруСпортСұхбатЭкономика
ТУҒАН ЖЕР ТӨЛ ПЕРЗЕНТІН ҰЛЫҚТАДЫ
Өткен аптада ойылдықтар қоян-қолтық ұрыстан әлемнің екі дүркін чемпионы Ұлан Мұқашевпен кездесті. Ойылдың төл перзенті, Ұлан Амангелдіұлына деген шексіз құрмет пен риясыз көңілді кездесу ауданның кіре берісінен басталды. Спорт жанашырлары еліміздің көк туын биік тұғырдан желбіреткен халықаралық деңгейдегі спорт шеберіне деген құрметі мен ақ жарма тілегін «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығындағы Ұланды ұлықтау шарасымен ұштастырды.
Онда алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы әлемнің екі дүркін чемпионын тұғырлы жеңісімен құттықтай отырып, шапан жауып, ат мінгізді.
Келесі ретте жерлестерімен арнайы кездесуге келген Ұлан Мұқашев өз сөзінде «Менің барлық жеңісім жерлестеріме арналатынын бұған дейін де айтқан едім.
Себебі нағыз ер жігіт қандай сапарда, қандай жерде, қандай қызметте жүрсе де туған жерін ұмытпауы тиіс! Керісінше кіндік қаның тамған топырақты ұлықтауы керек.
Менің жеткен әр жетістігім осы Ойыл жұртының берген бата-тілегінің жемісі.
Сондықтан осылай ұлықтау шарасын өткізіп, шын қуанып жатқан жарқын жүздеріңізді көргеніме қуаныштымын», — деп ойын тереңнен түйіндеді.
Расында «Ұлық болсаң, кішік бол!», — деп бекерге айтпаған.
Ұландай ерді тудырған киелі топырақтың атымтай, азамат жігіттері ақшалай сый табыстады.
Сонымен қатар жеке кәсіпкер Берік Берекенов жанұясының атынан ақшалай сыйын тарту етсе, село тұрғыны Белял Галиякбаров бір ірі қара малын атады. Одан бөлек, ақсақалдар мен еңбек ардагерлері ақжарма тілектерін жаудырды.
Тілектер легінде шебер спортшы болу бір бөлек, шебер шәкірт дайындайтын ұстаздық жолы тым бөлек екенін жеткізіп, әлемнің екі дүркін чемпионына жерлестері үлкен жанашырлықпен қолдау білдірді.
Айтулы шара соңында еңбек ардагері Тілеген Алданаев осындай Ойылдың ғана емес, Қазақстанның атын асқақтатып, көк байрағын биіктен желбіреткен Ұлан Амангелдіұлына ақ батасын берді.
Жарайсың, Ұлан! Дәл өзіңдей еліміздің атын әлемге танытар шәкірттерің көп болсын…
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.