«АТ ҮСТІНДЕГІ ШАБЫТ» — АҚЫННЫҢ СЫРЛЫ ӘЛЕМІ

Сарбие ауылдық округінде туған жердің төл перзенті, ақын Сағынай Сәрсембаевтың «Ат үстіндегі шабыт» атты жыр жинағының тұсаукесеріне арналған әдеби-мәдени кеш өтті. Кеш барысында ақынның жаңа кітабы көпшілік назарына ұсынылып, жинақтың мазмұны мен шығармашылық ерекшелігі жайында сөз қозғалды. «Ат үстіндегі шабыт» атауының өзінен-ақ ақынның туған жерге, ұлттық болмысқа, ел мен жерге деген сүйіспеншілігі аңғарылғандай. Жинақтағы өлеңдерден автордың өмірден түйгені, елге деген ықыласы, азаматтық ой-толғамы мен жүрек тебіренісі көрініс табады.
Шарада сөз алған кітап авторы Сағынай Сәрсембаев өлеңдерінің жазылу тарихына тоқталып, әр туындының дүниеге келуіне себеп болған жағдайлар мен ойларын ортаға салды. Ақын шығармашылық жолындағы ізденістерімен бөлісіп, өлеңнің адам өміріндегі орны туралы өз пайымын жеткізді. Оның айтуынша, әрбір өлең – белгілі бір сәттің, сезімнің, толғаныстың жемісі.
Кеш қонақтары да ақын шығармашылығына қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, қаламгерге жүрекжарды тілектерін жеткізді. Туған жерден шыққан таланттың еңбегінің ел ішінде дәріптелуі – кейінгі ұрпаққа да үлгі екені айтылды. Ақынның шығармашылығы ауылдың рухани өміріне өзіндік үлес қосып, оқырманға ой саларлық дүниелерімен құнды екені атап өтілді.
Кеш соңында ақынға ізгі тілектер айтылып, жаңа кітаптың оқырманы көп болуына, шығармашылық жолының жемісті болуына ақжолтай бата берілді. Қаламгердің жаңа жинағы ауыл тұрғындары мен әдебиет сүйер қауымға рухани азық болып, оқырман жүрегінен орын табарына сенім білдірілді.
Туған жерден түлеген таланттың шығармашылығына құрмет көрсетілген бұл басқосу көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, әдебиет пен өнердің ауыл өміріндегі маңызын тағы бір мәрте айшықтады. «Ат үстіндегі шабыт» кітабы ақынның шығармашылық әлемін танытатын тағылымды туынды ретінде оқырманға жол тартты.



