Спорт

Жәрмеңкесімен жаңғырған Көкжарда  Көкпардан жарыс көп өтсе…

Аудандағы ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне аясында ұлттық спорт түрі - көкпардан ат тұяғы дүбірлеген тартысты бәсеке өтті. Өңірімізде ұмытылып бара жатқан ат үстіндегі ұлттық спорт түрі «Көкпар тарту» ойыны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта тірілгендей болды.

Олай дейтін себебіміз ауа райының қолайсыздығына қарамастан өткен көкпар тарту ойыны ат үстіндегі спортшылармен бірге жанкүйерлерді де керемет әсерде қалдырды. Көкпар ойынының өткізілуіне негізінен ұлттық спорт түрін дәріптеп, ұлттық ойынымыздың мәртебесін асырып жүрген жас жігіттеріміз Қуанышбек Төлеген мен Ринат Смағұлов ұсыныс жасаған. Міне осы ұсынысты қабыл алған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі дүбірлі доданы өткізіп беруге ұйытқы болып отыр. Әрі қарай жалғасақ, ойынды тамашалау үшін орталықтан ағылып келген адамның қарасы көп болды. Айтулы додаға Қараой, Берсиев, Қаракемер командалары қатысып, тартысты ойын көрсетті. Ойынды Берсиев, Қараой командалары бастады. Айта кетсек, ойынды бастағаннан-ақ ептілікпен қатарынан 4 салым салған берсиевтіктер көкпарға бір табан жақын екендіктерін дәлелдеп берді. Келесі ойында Берсиев командасы қарымды ойын көрсеткен қаракемерліктерге есе жіберіп қойды. Көкпар тарту ойынының бас төрешісі Төлепберген Өтеғалиев тартысты бәсекеге өте әділ қарады. Бұрын-соңды болмай жүрген спорт түрі ізін суытып барып өткенімен ешқандай дау тудырмады. Тақымдары темірдей спортшыларымыз ойынның ережесіне бағынды. Нәтижесінде, Қараой командасы ІІІ орынға жайғасса, Берсиев командасы ІІ орынды еншіледі. Үлкендерден естуімізше ілкіден көкпар ойынына машықталған Қаракемер командасы жеңімпаз атанды. Спортшыларымызды марапттау рәсімінде барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

P.S.
Көкпар тарту ойынын соңына дейін қаны қызып, делебесі қозып тамашалаған жанкүйерлер «Көкжарда көкпар көп өтсе» деген тілектерін жасырмаса, атқа қонған ауыл жігіттері ат спортының қандай түріне де болмасын үлкен қолдау керектігін бүкпесіз жеткізді. 

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.
 

Басқа жаңалықтар