Басты тақырыпРухани жаңғыру
Қараойдағы той «Керуен наурыздың» куәсі
14 Наурыз көрісу күні Ойылда ұлттық мерекемен басталды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында және Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай «Керуен Наурыз!» атты ауылдық округтер арасында төл мерекені 22 наурыз Ұлыстың ұлы күніне дейін тойлау ұйымдастырылды.
Ертемен қарты бар үйді бетке алған тұрғындар бір-бірімен мәре-сәре амандасып, жаңа жылдарымен құттықтап көрісу күнін қуанышты көңіл-күймен қарсы алды. Мерекенің басын шалғайдағы Қараой селолық округі өткізді. Ауданымыздағы селолық округтер арасында наруыз тойын өткізу кестесі құрылған. Әр ауыл Наурыз мерекесін кеңінен насихаттау, маңыздылығын арттыру мақсатында дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бұған өңірдің барлық селолық округтері қатынасып, бір-біріне барып, жан-жақты көмек көрсетеді. Айталық Қарой селосындағы мерекені жандандыру үшін Ойыл селолық округінің ұжымы таңсәріде жолға шықты.
Қараой селосына барған олар жергілікті тұрғындармен бірге киіз үй тігіп, қазан көтеріп, наурыз көже дайындады. Ал, Қараой селосының әкімі Сәкен Займолдин мереке өтетін жерлерді тазартып, ыңғайлап, ауыл тұрғындарының жоғары деңгейде қатысуын ұйымдастырды. Ол жақта жерде әлі қар жатқанмен күннің тымық, жылы шуағы ауыл тұрғындарының көңілін еселеді. Жағалай дастархан жайылып, көпшілікке шай ұсынып, наурыз көже таратты. Ұлттық нақышпен безендірілген сахнада мерекеге орай көпшілік мәдени шара өтті. Село әкімі мен сала басшыларының мерекелік құттықтау лебіздерінен соң аудандық мәдениет үйі мен жергілікті клубтың көркемөнерпаздары қазақтың ұлттық әндері мен билерін, термелерін тарту етті.
Бұл мерекеде ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлер қайтадан көрініс тапты. Концерттік бағдарламалар арасында бойжеткендер арасында «Қос бұрым» атты бұрымдылар байқауы, аталарға арналған «Бата беру» сайысы өткізілді. Бұл кезеңде ұзын бұрымымен көзге түскен Ақнұр Ойылданқызы бас жүлде алса, Амангелді, Темірхан ақсақалдар «үздік батасы» үшін марапатталды. Көпшіліктің көзінше өткен ұлттық спорттық сайыстар да өз қызықтарымен ерекшеленді.
Асық атудан балалар белсенділік танытып, кішкентай қыз балалар да қатысты. Нәтижесінде Заманбек Кеңес пен Ақгүл Айдарбай асық атудың сұрмергені атанды. Ал тартысты өткен арқан тартыста 1986-87 жылы туылғандар командасы барлығын сүйреп әкетті. Соңғы кезде өткізіліп жүрген жаңа сайыс түрі ауыр дөңгелекті аудару бұл жолы да ауылдың күштілерін анықтады. Одан кейін «Нива» автокөлігін сүйреу сайсы да күш атасын танытты. Соңғы екеуінен жоғары өнер көрсетіп, ауыр дөңгелекті төрт рет аударып, көлікті тез сүйреп күштілер сайсының көшін бастаған Әділбек Сұлтановтың білектілігіне жұртшылық тәнті болды. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар атынан мақтау қағаздарымен мерекелік сыйлықтарға ие болды. Облыс бойынша көрісу салтын үзбей келе жатқан санаулы аудандардың бірі Ойыл болса, оған Қараой ауылында осындай жоғары дайындықпен өткен мерекелік шаралар соның дәлелі. Мұндай берекелі мейрам ауданның әр ауылдарында жалғасады.
Самат НАРЕГЕЕВ,
Ойыл -Қараой-Ойыл.