ӘкімдікБасты тақырып

Қоғамдық кеңес: былтырғы белес пен алдағы міндеттердің межесі

КЕШЕ ТҮСТЕН КЕЙІН ОЙЫЛ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА АУДАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНА ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ МЕН БІРҚАТАР БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ ҚАТЫСТЫ.

Сондай-ақ, отырысқа аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Сәкен Займолдин, аудан әкімінің орынбасарлары  мен аппарат басшысы қатысып, күн тәртібінде Қоғамдық Кеңестің қарауына екі мәселе ұсынылды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Ойыл ауданының 2021 жылғы әлеуметтік экономикалық дамуының қорытындысы және 2022 жылға арналған міндеттері туралы аудан әкімі Асқар Қазыбаев баяндама жасады. Аймақ басшысының есебін мұқият тыңдаған Тілеген Алданаев бастаған қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар сауалдарын қойып, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттердің кейбір тұстарын талқылай келе ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Айта кетсек, қоғамдық кеңес мүшелері «Тұрғын үй салу үшін жер ала-алмай кезек күтіп жүргендер бар ма?, Шаруашылық ашқысы келетіндерге де жер алу мәселесі қалай?, Зейнетке шықса да жұмыс жасап жүргендерге талдау жасала ма?, Жыл сайын арнасынан алыстап, үзіліп жатқан Ойыл өзенінің жайы қалай болмақ?», — деген сынды сауалдарға жауап беруін сұрады. Қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берген аудан әкімі «Бізде тұрғын үй кезегінде тұрған жандар жетерлік. Біз оларға шама-шарқы келгенше жеке баспана салуды айтып келеміз. Қазір ауданымызда тұрғын үй салу үшін берілетін жерді алу үшін ешқандай кезек күтпейді. Керісінше, біз өз тарапымыздан қолдау білдіріп келеміз. Үй салу үшін берілетін бос жерлердің инфрақұрылымын реттеп қойдық. Ал, күрделісі шаруашылық мақсатында алған жерді көптеген шаруалардың игермей отырғаны жасырын емес. Бұл бағыт бойынша да жұмыстанып жатырмыз. Мәселен, былтыр жерлерін пайдаланбай отырған шаруашылықтардан 30 мың гектар жерді қайтарып алдық. Аталған жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Ал, келесі сауал бойынша зейнеткерлік жасқа жетсе де, жұмыс жасап жатқан жандар көбіне кадр жетіспеушіліктен отырғандар. Ойыл өзенінің жайына келер болсақ, туған жердің төл перзенті ретінде бұл мәселе бәрімізді де толғандырып отыр. Жақында ғана жоғарыдағы басшылық тарапқа Ойыл өзенінің қалпына келтіру мақсатында тазалау жұмыстары жүргізу үшін мәселе қозғадық. Сәтін салса, мәселе шешімін табады деген сенімдеміз», — деді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың 2021 жылы атқарған жұмыстары бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы Сәкен Займолдин баяндамасында еліміздің өркендеуі жолында облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар Ата заңымызды, Президентіміздің стратегиялық даму бағдарламаларын басшылыққа ала отырып, жұмыс істеп келе жатқандығына кеңірек тоқталды. Тұрақты комиссиялар ауданның әрі қарай дамуына оңтайлы ықпал ететін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мәселелерді қарауды өздерінің ең басты міндеттері деп санайды. Сондықтан ел игілігі үшін жасалынатын межелі міндеттердің жүзеге аса беруіне сәттілік тілейміз!

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар