ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

«ЗАҢ КЕРУЕНІ» – ОЙЫЛ АУДАНЫНДА

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫНА СӘЙКЕС ЕЛІМІЗДІҢ БАРЛЫҚ ӨҢІРЛЕРІНДЕ ХАЛЫҚҚА ЖЕДЕЛ ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ, ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ ДЕҢГЕЙІН АРТТЫРУ, ЗАҢДАРДЫ ТҮСІНДІРУ, ЗАҢДЫ ҚҰҚЫҚТАРЫН ІСКЕ АСЫРУҒА МҮМКІНДІГІ ЖОҚ ӘЛЕУМЕТТІК ТОПТАРДЫ АНЫҚТАУ, ӨҢІРДЕ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПТІ НЫҒАЙТУ МАҚСАТЫНДА «ЗАҢ КЕРУЕНІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ БАСТАУ АЛҒАН БОЛАТЫН. ОСЫ ОРАЙДА КЕШЕ АУДАНЫМЫЗҒА ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРМЕН БІРЛЕСІП ҚҰРЫЛҒАН АРНАЙЫ ТОП ӨКІЛДЕРІ КЕЛДІ.

Аталған акция негізінде құрылған мобильді топ құрамында облыс прокурорларымен бірге облыстық полиция департаменті, облыстық денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметкерлері бар. «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында өткен кездесуге мекеме басшылары, ардагерлер, аудан тұрғындары қатысты. Онда аталған жиынды тізгіндеген аудан басшысы Асқар Қазыбаев алғашқы сөз кезегін облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Қонақбаевқа берді. -Акцияның аты айтып тұрғандай, заң аясында түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Аудан тұрғындарына құқықтық, заңгерлік кеңес береміз. Шешімін таппай жүрген сұрақтарыңызға сіз бен біз болып бірлесіп жауап беруге тырысамыз, — деп ашық пікірлесуге шақырды Серік Қонақбаев. Келесі кезекте сөз алған облыс прокурорының бірінші орынбасары Қуандық Рахметов акцияның маңыздылығын түсіндіріп өтіп, атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Кездесу барысында аудан прокуроры Нұрлыбек Жолаев ауданда былтырғы жылға қарағанда құқық бұзушылық 34%-ға азайғанын жеткізді. «Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының директоры Алтай Оразбағамбетов ойылдықтарға әлеуметтік медициналық сақтандыруға мән беру қажеттігін түсіндіріп өтсе, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ақсұлу Жұбаназарова қыркүйектен бастап енгізіліп жатқан отбасылық цифрлық карта туралы, әлеуметтік көмек пен қызмет түрлерінің бірте-бірте жүзеге асатынын баяндады. «Ойыл ауданының Құрметті азаматы» Ғазиз Займолда ауданға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Ең бірінші кезекте -«Жол бойында жүрген мал көп. Көбіне кешқұрым, түнгі мезгілдерде жүргізушілердің жол апатына ұшырауына әкеп соғуда»,- деп малдың бағылу тәртібін қозғады. Сонымен қатар аудан тазалығына мән беруді жеткізді. Жиын соңында мамандар жеке қабылдау өткізді.

 Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
 Ойыл селосы

Басқа жаңалықтар