ӘлеуметБасты тақырып

Ойылда отбасылық саябақ ашылды

«Отан отбасынан басталады» деген бекер айтылмаса керек. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. Отбасы бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Сондықтан адамгершілік белгілері де отбасынан басталады. Міне сол себепті елімізде отбасыларға арналған түрлі іс-шаралар көбейіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеу кең көлемде аталып өтуде.Оның бір айғағы - біздің ауданда бүгін ұлы мерекеміз 16 желтоқсан «Тәуелсіздік» күніне орай Ойылдағы «Тәуелсіздік» көшесінің бойынан «Отбасылық саябақ» ашылды.

Тарқатып айтсақ, айтулы саябақ «АБЖ» компаниясы, «Техно-С» ЖШС, «Досбол и К» компаниясы мен жеке кәсіпкер Күлжамал Әліптің демеушілігімен салынды. Саябақтың ашылу салтанатында алғаш болып сөз алған аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы «Бүгін ауданымызда тәрбиелік мәні бар отбасылық саябақ ашылып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елдің діңгегі, елдің тәрбиесі ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарымыз және үлгілі отбасылар арқылы кемел мемлекет болуға болатындығын айтып келеді. Бүгінгі саябақ аудандағы білім қызметкерлерінің қолдауымен, елге жанашыр кәсіпкерлердің демеушілігімен салынғаны жасырын емес. Еліміздің өсіп-өркендеп, көркеюіне азат елдің әр азаматы үлес қосуы тиіс. Сонда ғана біздің еліміз мәңгілік жасай бермек», — деп барша аудан жұртшылығын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

Ал, жаңа саябақтың лентасын ауданымызда үлгілі отбасының ұйытқысы болып отырған еңбек ардагері Ғұсман Жүмбергенұлы пен ардагер ұстаз Зәуреш Молдашева немерелерімен бірге қиды. Әсем әуені төгілген саябақтың сәнін әрі қарай айтулы мереке қарсаңында шаңырақ көтеріп, жаңа өмірге енді ғана қадам басқалы жатқан Берікқали мен Тұрсынгүл кіргізді. Аталған жұпқа аудан әкімі атынан сыйлықтар тарту етілсе, ҚР мәдениет қайраткері Амангелді Жұманов жас жұбайларға ақ батасын берді. Шара соңында мектеп оқушыларына Тәуелсіздік таңында еліміз қол жеткізген саяси маңызды, тарихи сәттерінен сауалдар қойылып, сұрақтарға мүдірмей жауап берген оқушыларға мерекелік сыйлықтар үлестірілді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар