Спорт

Спортқа құштарлық қашықтыққа қарамайды

«Шынықсаң шымыр боласың» демекші, спорт адам денсаулығы үшін өте пайдалы. Үнемі қозғалыстағы адамның денсаулығы көпке дейін сыр бермейтіні ғылымда дәлелденген. Демек, спорттың қай түрін алсақ  та, ептілік, шыдамдылық, төзімділікті қажет етеді. Осы қасиеттерге ие болған адамның қан айналымы қалыпты жұмыс жасайды.

Қазіргі таңда елімізде бұқаралық спортты дамытуға қолдау көп. Жер-жерден спорт кешендер салынып, заманауи үлгідегі ашық алаңдар мен воркауттар көбею үстінде. Ендеше салауатты өмір салтын ұстану арқылы көзі ашық, көкірегі ояу, дені сау ұрпақ қалыптастыру бүгінгі күннің еншісінде. Оған әрине, сіз бен біз болып атсалысуымыз қажет. Мен спорт саласында 1986 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Арасында басқа салаға ауысқаныммен, көп ұзамай өз салама қайта оралдым. Айта кетсем, бұрынғы кездегі балғындардың дайындалатын жерлері мен материалдық базалары бүгінгі күнмен салыстыруға да келмейді. Әйтсе де, ол кездерде де өлшеусіз еңбектің арқасында палуандар шығардық. Ал, бүгінгі күні аудандағы спорт мектебінің материалдық базасы нығайтылған. Заман талабына сай жабдықталып, спортшыларға барлық жағдай жасалған. Жалпы спорттың қай түрі болмасын дайындалуға толықтай мүмкіндік бар. Бұл жағдай балғындардың спортқа деген құлшынысын арттырып келеді. Оның бір айғағы-  село орталығындағы спорт мектебіне, яғни еркін күрестен менің жаттығу жұмыстарыма Екпетал елді мекенінен 9 бала келіп қатысады. Олардың арасында жаттығу жиындарына кешігу, болмай қалу сынды жағдайлар кездескен жоқ. Міне спортқа деген балғындардың қызығушылығы осындай. Біз олардың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Сонымен бірге осы балғындардың село орталығына қатынауын Мақсат Қалиев, Дастан Мұхамбеталин бастаған ата-аналар қадағалауға алғандығын аңғарып жүрміз. Ендеше құрметті жерлестер баршаңызды дені сау ұрпақ қалыптастыруда бірлесіп қолдау көрсетуге шақырамын.

Құнанбай ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ,
 Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы.

Басқа жаңалықтар