Өткен аптада Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде «Ерен еңбегі үшін» медалының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты жерлесіміз Асылхан Төлеповтың жүлдесі үшін еркін күрестен жасөспірімдер арасында республикалық «Сартай батыр» турнирі өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Асқар Қазыбаев алды Астана, соңы іргелес аудандардан келген балғын палуандарға боз кілемде сәттілік тілеп, мәртебелі қонақтарға естелік сыйлықтар табыстады.
Турнирге арнайы келген Асылхан Төлепов болса, туған жерінің төсінде басталған жарысқа үлес қосқан азаматтарға алғысын айтты.
Өзіміздің облысты айтпағанда Астана мен еліміздің батыс аймағындағы облыстардан он екі командадан 200-ден астам балғын палуан қатысқан байрақты бәсекеде ойылдық өрендер үш салмақ категориясы бойынша жеңіс тұғырынан көрінді. Мәселен, 2010-2011 жылғы жасөспірімдер арасында 38 кг-да Нұрсұлтан Махатовтың шәкірті Нұртілек Аманғосов белдескендерінің бәрін жеңсе, Еркебұлан Боранғалиевтің шәкірті 57 кг-да Нұрсұлтан Жұбановқа тең келер ешкім болмады.
Ал, 2012-2013 жылдар туғандар арасында 40 кг-нан жоғары салмақта жерлесіміз Ислам Мақсат ойылдықтардың мерейін өсірді.
Жас ерекшеліктеріне қарай екі топта он салмақ дәрежесі бойынша екі күн бойы Ойылды дүбірге бөлеген жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тіккен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Сонымен қатар, төрешілер алқасының шешімімен «Үздік әдіс», «Жеңіске деген жігері үшін», «Тартысты белдесу», «Көрермен көзайымы» және «Үміт» номинациялары бойынша үздіктер де бағалы сыйлықтармен марапатталды.