Спорт

Бекзаттың белесі

Киелі Көкжар өңірінде қай саланы алып қарасақ та, өлшеусіз еңбек еткен тау тұлғалардың есімдері бүгінгі күнге дейін ел есінде сақтаулы. Олар бүгінгі ұрпақ жадынан ешқашан өшпек емес. Міне осы Ойыл тарихындағы атақты тұлғалардың ізін қуып жүрген өрендеріміз жетерлік. Олардың бірі өнерімен тәнті етсе, бірі білімімен биіктен көрініп келеді. Ал енді бірі спортты серік етіп, туған жерді әр қырынан танытып жүр. Солардың бірі Бекзат Мұханбетов. Облыстық, республикалық чемпионаттардың жүлдегері. Самбодан спорт шеберлігіне үміткер.

Бұған дейінде газетімізге шығып жүрген Бекзаттың күреске, жеңіске деген талпынысы бізге жақсы таныс. Өзін өте салмақты ұстайтын Бекзат аудан спортының дамуына аяусыз тер төгіп келеді. Самбо күресінен бөлек дзю-до, қазақ күресін жетік меңгерген жас палуан әр күнін дайындықсыз қалдырмайды. Міне осылайша талай-талай тұғырлы додаларда топ жарып жүрген жас палуанымыз жылына бірнеше рет облыс орталықтарындағы арнайы жаттықтыру залдарында спорттық шеберлігін шыңдап келеді. Міне соның арқасында жуырда ғана Алматы қаласында КСРО-ға және Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері Т.М.Досмұхамбетовтың 70 жас мерейтойына арналған, Самбо күресінен 1999-2000 жылы туылған жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында бағын сынады. 48 килограмм салмақ дәрежесінде Астана, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының палуандарымен кездесіп, барлық кездесуін сәтті аяқтап, чемпион атанды. Сондай-ақ, Бекзат Жұмабергенұлы осы дода да самбодан спорт шебері атағын алды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар