Басты тақырыпРухани жаңғыру

Ойылдағы наурыз керуенін Шернияз, Масатов көшелерінің тұрғындары бастады

Көптен бері ызғырығымен есте қалған наурыз желі тауық жылы түскен жұқа қарды жібіте қоймады. Әйтсе де әлімсақтан аңызға айналған Әз Наурыздың екінші онкүндігімен ере келген «Көрісу» күнінде шұғылалы шуағын төгіп тұрды. Ашық аспан астында амандық-саулық сұрасқан арқа-жарқа жұртшылық кешке дейін көрісуді тоқтатпады. Биылғы жылдың басты ерекшелігі – Наурыз мерекесінің әр көшеде бөлек-бөлек өтуі.

Ал, аудан орталығында «Амал» мерекесін алғаш болып, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы мәдениет және демалыс орталығының алдында Шернияз, Масатов көшесінің тұрғындары тойлады. Аталған көше тұрғындары көпшілік назарына мерекелік концерттерін ұсынып, биден маржан, әннен жібек тарту етті. Ақ тілектермен ақтарылған мерекелік шара ұлттық ойындарға ұласты. Білек күшін сынға салған сайыпқырандар бірі-бірінен озып жатты. Ал, гір тасын көтеруден Ойыл аграрлық колледжінің студенттері алдына жан салмады. «Жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады» — деген қағиданы ұстанған аудан жұртшылығы мерекені барынша көңілді өткізуге тырысты. Көше өнерпаздары ұсынған сахналық қойылымдар көпшіліктің көкейінен орын тапты.

Мәдени шара үстінде Масатов, Шернияз көшелерінің ең қарт тұрғындары 93 жастағы Нина Ивановна Кузина мен 91 жастағы Валентина Васильевна Шестаковаға сый-сияпат көрсетіп, 14-22 наурыз аралығында дүниеге келген айтулы көшелердің тұрғындарына мерекелік сыйлықтар тарту етті.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар