Басты тақырып

Тұрғындар тарту еткен той тамаша өтті

Ойылдағы Наурыз керуенін өткен сенбіде Құрманов, Қойшығұлов, Ержанов көшелерінің тұрғындары жалғады. Наурыз той Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің алдында өтті. Күн нұрын төккен ашық аспан астында ауыл үлкендері құшағын кең ашып, төс қағыстыра көрісті. Наурыз мерекесіне жиылған жұртшылық наурыз көжелер мен ұлттық тағамдардан дәм татты.

Айтулы мерекеде ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. «Мұрагер» шаруа қожалығы 1300 теңгеден сиыр етін шығарса, жәрмеңке сөрелерін Ойыл селолық округі әкімдігінің ұйытқы болуымен Ақтөбе облыстық тұрақтандыру қорынан әкелінген көкөністер толтырды. Тоқтала кетсек, картоп, қырыққабат, сәбіздің килограммы 90 теңгеден болса, жуа 75, сұйық майдың литрі 295 теңге болды. Мұндай тұрақты баға тұрғындардың сұранысын арттырды. Ойыл селолық округінің әкімі Дәурен Қаржауұлының сөзіне сүйенсек, алдағы мерекелерде де тұрақтандыру қоры арқылы тұрмыстық өнімдер сатылымға молырақ шығады. Сонымен бірге, көше өнерпаздары қуанышты көңіл күймен жұртшылық назарына тамаша өнерлерін тарту етті. Мың бұралған би мен әуелете шырқаған әсем ән Көкжар көгін тербеді. Мерекені негізінен ұлттық ойындар қыздырды. Арқан тарту додасында аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне тең келер команда табылмады. Көше тұрғындары ұсынған наурыз той ағаш үйдің ішінде ауыл үлкендерінің ақ тілегіне ұласты. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында көктемнің хош иісін сезінген көпшілік, шуақты күнде мәре-сәре болды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар