Басты тақырыпРухани жаңғыру

Сапура Мәтенқызы қайда жатыр?

Тарихтың қойнауына бойлап, қазақтың беймәлім сырға толы тарихын зерттеп, зерделеп келесі ұрпаққа аманаттау аса маңызды. Әр  құмды төбесінде бір тарих  жасырынған Ойылға ат басын тіреген бір топ ғалымдар зерттеу еңбектері арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның түйінін шешуге мүмкіндік тудырып отыр.

Ш. Берсиев атындағы өнер және өлке тарихи музейінің қызметкерлері Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану қызметкерлері мен жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар бірлесіп Ойыл ауданы, Қайыңды ауылдық округінің барып, тарихи танымдық зерттеу экспедициясын жүргізді. 1775-1776 жылдары Сапура Мәтенқызы қозғалысы болған жерлерді зерттеп, деректер жинаушы топ осы жерде Мәтентөбе деген жердің бар екендігін білген. Бұл жер Сапураның әкесі Мәтен батырдың есімімен байланысты. Мұнда ескі қабір орындары, тастағы ру таңбалары сақталған. Зерттеушілер Мәтентөбенің басына барып тарихи орынды көзбен көріп одан әрі зерттеуді қажет ететін орындардың бірі болып табылатындығына көз жеткізді. Мәтентөбеде  бас қосқан экспедиция мүшелері табиғи құбылыстың куәгері болды. Олардың пайымдауынша бұл құбылыс та тегіннен-тегін орын алмаса керек. Экспедиция барысында жинақталған дерекқорлардың нәтижесінде Сапура Мәтенқызын тереңірек зерттеуге мүмкіндіктер туып отыр. Сонымен қатар зерттеушілер Қобда ауданындағы Жиренқопа, Көкүй ауылдарын да зерттеп деректер қатарына енгізген. «Біздің осындай қасиетті мекенге келіп табанымыздың тиюінің өзі үлкен қуаныш. Осындай беймәлім тарихи орындардың орны бүгінге дейін сақталғандығына көзжеткізу тарихтың тағы бір бетін ашуға мүмкіндіктер туғызады. 1775 жылдың күзінде Елек, Қобда өзендері сағасында отырған Табын, Тама руларының халқы атқа мініп, көтеріліске шыққаны тарихтан белгілі. Бұл қозғалыс тарихта Көктемір көтерілісі деген атпен белгілі. Осы аталған сол көтерілістердің бастаушысы, қозғаушысы Сапура Мәтенқызы болды — дейді Мейірхан Ақдаулетұлы. Бүгінде Мәтентөбе сынды өзге де тарихи орындар Ойыл ауданында Ш. Берсиев атындағы өнер және өлке тарихи музейінің қызметкерлерінің көмегімен жақсы зерттеліп келеді. Бұл тарихи танымдық зерттеу экспедициясы да Сапура Мәтенқызын толыққанды зерттеуге өз үлесін қосты. Экспедиция барысында жинақталған өлкетану материалдары осыдан екі жарым ғасырдан бұрынырақта өмір сүрген, халықтың бостандығы мен еркіндігі жолында аянбай күрескен батыр қыздың бейнесін айшықтап, тарих беттеріне тұтастай танытып, толықтыра түсу керектігін көрсетіп берді.

Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар