БАС САНИТАРДЫҢ ҚАУЛЫСЫ –ҚЫЗЫЛШАҒА ЖОЛ БЕРМЕУДІҢ АЛҒЫШАРТЫ
Қаһарлы қыс та аяқталып, күлімдеген көктем де жақындады. Қолданыстағы күнтізбе бойынша Қазақ үшін жыл басы болып есептелетін берекелі де мерекелі қасиетті наурыз айы да есіктен енгелі тұр. Бірақ, сипонтиктерге сенсек, ақпанның аяғына дейін аяздың сынатын түрі жоқ. Тіпті наурыздың алғашқы аптасы да аязды болады.

Әрине, наурыз ресми түрде көктемнің айы болғанымен біздің өңір үшін де қыстың соңы. Ақпанның соңы шыңылтыр аязға ұласты. Аракідік атан түйені алып жығатын үскірік боран да соғып, жолдар жабылды. Әйтсе де жолаушылар төніп тұрған қауіпті елемей, бастарын қатерге тігіп, жолға шығуларын азайтар емес.
Тіпті, жолдың жабылуына наразылықтарын да білдіріп жатыр. Рас, әркімнің әрқалай шаруасы бар. Бірақ, ең бірінші адамның амандығы керек…
Ауа-райы осылай сан құбылып тұрғанда елімізде қызылша ауруы өршіп тұр. Сондықтан, еліміздің бас санитары кешенді шаралар қабылдап жатыр. Яғни, қызылша дерегі анықталған жағдайда екпе алмаған балалар балабақша мен мектепке уақытша қабылданбайды. Бұл шара инфекцияның таралуын тежеуге бағытталып отыр.
Тиісті қаулыға еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова қол қойды.
Құжат 19 ақпаннан бастап күшіне енді.
Қаулыға сәйкес, білім беру басқармаларының басшылары балаларды вакцинамен қамту деңгейін кемінде 90%-дан төмен түсірмеуді бақылауға, сондай-ақ білім беру ұйымдарында күн сайын «таңғы тексеріс» жүргізуге міндетті. Яғни таңертең оқушылар мен педагогтер тексеріліп, ауру белгілері бар адамдардың ғимаратқа кіруіне жол берілмейді. Сонымен бірге ата-аналарға иммундаудың маңызы туралы түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.
Бұдан бөлек, қызылша тіркелген жағдайда екпе алмаған балаларды балабақша мен мектептен уақытша шеттету тапсырылды.
Бұған дейін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елде екпеден жаппай бас тарту салдарынан ұжымдық иммунитеттің әлсірегенін хабарлаған еді. Ресми дерекке сәйкес, қызылша жұқтырған балалардың 59%-ы ата-анасының қарсылығына байланысты вакцина алмаған.
Р. S. Абырой болғанда біздің ауданда бүгінгі күнге балалар арасында бірде-бір қызылшамен ауыру жағдайы тіркелмеген.
Бірақ, бұл бейқамдыққа негіз емес. Сондықтан, аудандық аурухананың бас дәрігері Алмат Байдуллаевтың айтуынша, туғанына алты ай болған сәбилердің барлығы толық вакцинамен қамтылған. Тек дәрігерлердің нұсқауымен денсаулығында туа бітті ақауы бар немесе басқа да аурушаңдығына байланысты вакцина салынбаған балалар бар. Тек ата-анасының негізсіз қарсылығына байланысты вакцина алмағандар жоқ.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.



