Білім

Жас мұғалімдердің ізденісі оқушылардың ынтасын арттырып отыр

ОЙЫЛ ҚАЗАҚ ОРТА МЕКТЕБІ УАҚЫТ АҒЫМЫНА ІЛЕСІП, ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ИГЕРІП ЖАТҚАН АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ БІЛІМ ОШАҚТАРЫНЫҢ БІРІ. АЙТУЛЫ БІЛІМ ОШАҒЫНДАҒЫ ЖАС ПЕДОГОГТАР ЕЛБАСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫНДА «БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ РЕФОРМАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ БУЫНЫ ОСЫ ЗАМАНҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҮРДІСТЕРІН, АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ЖАППАЙ ЕНГІЗУ, БҰЛ КЕЗЕҢДЕ НАЗАРДЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУЫНА ҚАЖЕТ» - ДЕГЕНІНДЕЙ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ОҚЫТУДЫ ӨЗ ТӘЖІРИБЕЛЕРІНЕ ЕНГІЗІП ОТЫР. ЯҒНИ МҰНДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНА ОТЫРЫП, ОҚУШЫЛАРДЫҢ ПӘНГЕ ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ АРҚЫЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІЗДЕНІСТЕРІ МЕН ИКЕМДІЛІКТЕРІН ДАМЫТУ ЖАҚСЫ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН.

Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында «100 кітап» жобасы және Цифрлық Қазақстан мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мектеп дәлізінде «Электрондық кітапхана» стенді жасалынған. Стенд кітап макетінде бейнеленіп, ондағы кітаптарға ғаламтор арқылы мекенжайлық жолақты браузерге QR код арқылы оқылуына негізделген. Бұл арада одан бөлек қазақтың 20-ға жуық кинофилмдері де жинақталған. Сонымен бірге Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағыты бойынша Ойыл аудандық электрондық карта стенді жасалынған. Стенд Ойыл ауданының географиялық карта макетінде бейнеленген. Бұл стендте де ауданға қарасты ауылдық округтер туралы мәліметтер ғаламтор арқылы мекенжайлық жолақты браузерге QR код арқылы оқуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда түсінікті тілмен айтқанда, ақылды тақталарды Ойыл қазақ орта мектебінің информатика пәнінінің мұғалімі, II санатты, модератор – педагог Қымбат Имағамбетова басқарады. Яғни 20 минуттық қоңыраулар мен мектепшілік апталықтар кезінде оқушылар ақылды тақтадан қажетті материалдарды алады. Қымбат ақылды тақтаға орнатылған мәліметтермен бөлісуге еш жалыққан емес. Керісінде ақылды тақтасын интернет желісі арқылы қызықты мәліметтермен толықтырып, үнемі жаңартып отырады. Сондықтан болар оқушылардың ақпарат алуға деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Демек, осындай жаңашылдықтар арқылы біздің кейінгі буын заман талабына сай жаңа технологиялар көшіне ілесе бермек. Алайда жаңа технологияны толық меңгеру үшін алдымен тіл үйрену қажет. Қандай тіл десеңіз, бұл әрине ағылшын тілі.
Осы орайда Назарбаев зияткерлік мектебінен 2 ай, Н.Назарбаев университетінен 4 ай, барлығы 6 ай ағылшын тілінен арнайы курста оқыған Қымбат Ұзақбайқызы мұғалімдердің арасындағы байқаудан дара шығып, Қытайдың Гонконг қаласына барып, бір апта іс-тәжірибе алмасып келді. Педогогикалық біліктілікті арттыру мақсатында Грекиядан арнайы келген ағылшын тілі маманынан тікелей дәріс алған. Қазіргі таңда айтулы мектептің 8-ші класс оқушыларына информатика пәнін ағылшын тілінде өткізеді. Қымбат үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыруда қосып жатқан үлесі үшін ай сайынғы жалақыдан бөлек отыз мың теңге көлемінде сыйақы алады. Ойыл қазақ орта мектебіндегі тағы бір таңқаларлық дүниелердің бірі IT-класс. Ол үшін мектептен арнайы бөлме жасақталған. Класс қажетті заттармен толықтай жабдықталған. Мұнда оқушылардың жас айырмашылығына байланысты 30 робот бар. Онда оқушылар роботтар құрастыру арқылы бос уақыттарын тиімді пайдаланумен қатар ойлау қабілеттерін дамытады. Үйірмеге Ойыл қазақ орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Жеңіс Зиноллин жетекшілік етеді. Үйірмеге 2-9 класс аралығындағы 35 оқушы қатысады. Жұмысқа орналасқанына әлі жыл толмаған жас жігіт Жеңістің қиялы ұшқыр. Қиялы емес, ойы озық. Олай дейтін себебіміз, роботтардың атқаратын қызметтері Жеңістің ойынан шыққан. Нақтырақ айтсақ, әртүрлі бағдарламалардың көмегімен роботтардың миына қажетті ақпаратты енгізу арқылы қимыл қозғалысын бір қолдан басқарып отырады. Оның айтуынша бағдарлама құру өте қиын екен. Өйткені бағдарлама құру компьютерлік сауаттылық пен көптеген ізденісті қажет етеді. Сонымен бірге технология тілін толық меңгеруіңе де байланысты. Жеңістің айтуынша қазіргі таңда 6 класс оқушылары Scratch бағдарламасы арқылы ойын құрастырса, 9 кластан жоғары Cura бағдарламасы арқылы 3D принтермен жұмыс жасайды. 6-9 класс оқушылары Lego mindstorms бағдарламасы арқылы роботтардың іс-қимылдарын құрастырады. Инновациялық технологиялармен тікелей қызмет етіп отырған жас жігіт өзінің тың идеяларын бұған дейін де облыс көлемінде жүзеге асыруға ұсыныс жасап келеді. Жаңашылдыққа ұмтылған Жеңістің шәкірттері қазіргі таңда облыстық байқауларда жоғарыдан көрініп жүр. Демек заман көшіне ілесу жаңа технологиялармен тікелей байланысты болмақ.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар