Басты тақырыпБілім
Сағидолла Жақияұлына арналған мемориалдық тақта орнатылды
ӨТКЕН СЕНБІДЕ САРАЛЖЫН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ҚАРАСТЫ АҚКЕМЕР ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ «ҚАЗАҚ ССР ХАЛЫҚ АҒАРТУ ІСІНІҢ ОЗЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ», «СССР ХАЛЫҚ АҒАРТУ ІСІНІҢ ОЗЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ» САҒИДОЛЛА ЖАҚИЯҰЛЫНА АРНАЛҒАН МЕМОРИАЛДЫҚ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ.
Сағидолла Жақияұлына арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына марқұмның шәкірттері мен көз көрген таныстары, ағайын-туыстары жан-жақтан ағыла келді. Оның өмір жолы мен еңбек жолынан естеліктер айтып, алдағы уақытта ісі өнеге ұстаздың аты өшпес үшін әлі де осындай игі шаралар жалғасын таба беруі керек деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Айтулы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы Сағидолла Жақияұлы жайында әңгіме өрбітіп, ауданның, оның ішінде Ақкемер елді мекенінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Келесі ретте артына өшпес із қалдырған ұстаздың ұрпақтарына ақжарма тілектерін ақтарған жандардың біріне тқталсақ, марқұм Сағидолла атамыздың әріптесі, ардагер ұстаз Мұхит Кереев оның еңбек жолынан ақтарыла сыр шертсе, Сағидолла Жақияұлының шәкірті, ақын-драматург, журналист, өнер зерттеушісі, ардагер ұстаз Нұрлыбек Қалауов ұстазы жайында біз естімеген естеліктермен бөлісіп, ұстаз атын ұлықтау алдағы уақытта жалғаса беретінін айрықша атап өтті. Сағидолла Жақияұлының баласы, медицина ғылымының докторы, профессор Базылбек Сағидоллаұлы әкесінің көзін көріп, оның еңбегін естелік қып айтып жатқан жандарға жүрекжарды ыстық лебізін айтып, барша ағайынға алғысын білдірді. Сонымен қатар Жамбыл орта мектебінің ұжымына арнайы естелік сыйлығын табыстады.
Сағидолла Жақиев 1929 жылы 7 желтоқсанда Ойыл ауданының Саралжын елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының қиын қыстау кезіне тап болып қиыншылықпен өткен. Жастайынан еңбекке араласып, өмірдің ащы-тұщысын көп тартқан адам. 1946 жылы Ақтөбе педуилищесіне оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін 1953-1955 жылдар аралығында Тайсойған жеті жылдық мектебінде, кейін Теректі, Екпінді бастауыш мектептерінде меңгеруші болып жұмыс жасаған. 1959 жылы Орал педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1964 жылы жоғары дәрежелі білім алған. 1964-1966 жылдары Саралжын орта мектебі директорының орынбасары, Жамбыл сегіз жылдық мектебінің, Құрманов, Абай, Жамбыл орта мектептерінің директоры қызметін абыроймен атқарып, 1996 жылы зейнеткерлікке шыққан. Жамбыл орта мектебінің оқу-тәжірибе жұмыстары тәжірибе ретінде аудан, облыс көлемінде таратылып, аудандық, облыстық, республикалық «Құрмет» грамоталарымен марапатталды. Жұбайы Жания екеуі 11 бала өсіріп, 25 немере, 16 шөбере сүйді. Сағидолла Жақиев 2019 жылы дүниеден өтті.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Ақкемер-Ойыл.