ӘкімдікБасты тақырып
Тұрғындардың мал азығымен қамтылуы партиялық бақылау комиссиясының назарында
Отырысқа партияның аудандық филиалы Саяси Кеңес, Саяси Кеңес Бюро мүшелері, аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбат Ербазиев, полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Дархан Ғалымжан мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Отырыстың күн тәртібіне екі мәселе қаралды.
1. Тұрғындарды қысқы мал азығымен толық қамтамасыз ету мәселесі;
2. Шөп бағасын тұрақтандыру және жергілікті халықты толық қамтамасыз етпей, мал азығының басқа аймақтарға сатылымға шығып кетпеуін қадағалау.
Комиссия отырысына төрағалық етуші Исатай Берғалиев қысқы мал азығын әзірлеу науқанының барысына шолу жасады.
— Қазір мал азығын әзірлеу науқаны жүріп жатыр. Әзірге шаруалар шөпті шабу, шөмелелеу сынды қызу жұмыс үстінде. Дайын шөпті қыстақтар мен ауылдарға бірен-саран тасып жатқандар да бар. Шөптің бағасы қыстағыдай қымбат емес. Бірақ былтырғы науқан кезіндегі бағадан өсім байқалады. Себебі, жанар жағар майдың бағасын айтпағанда, күннің аптаған ыстығына қарамастан азаннан қара кешке дейін жүріп мал азығын дайындайтын қарапайым жандардың еңбегін ескермей қалуға да болмайды.
Келесі аталған мәселер бойынша кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбат Ербазиевтың баяндамасы тыңдалды.
-Нақты дерекке көз жүгіртсек, биыл аудан бойынша қысқа 42100 бас мүйізді ірі қара, 134300 бас қой-ешкі, 15100 бас жылқы, 80 бас түйе малы түседі. Шөп қажет ететін аула саны 2198 болса, қазіргі таңда небары 242 аула ғана мал азығымен қамтылған. Мал қыстатуды қалыпты өткізу үшін 220,7 мың тонна мал азығын дайындау қажет. Қазіргі таңда шілде айының ортасына дейінгі дайындалған мал азығы 93,6 мың тонна. Аудан бойынша мал азығын дайындау жұмыстары толыққанды атқарылуда. Биылғы шөптің орташа түсімі әр гектарына 2,8-3,0 центнердің шамасында.
Одан бөлек Ойыл ауданына қарасты ауылдық округ әкімдерінің хабарламалары тыңдалып, алда тұрған күрделі мәселелердің шешу жолдары қарастырылды. Комиссия отырысының шешімімен құзырлы мекеме орындарына мал азығын әзірлеу науқанын бақылауда ұстау жөнінде ұсыныс хаттар жолданды.