Басты тақырыпМәдениетРухани жаңғыру
«Мәңгілік елдің мәдени мұрасы»
Елімізде рухани құндылықтарды өнеге етіп, ұлттық өнерімізді ұлықтап, үздіксіз дайындық пен шығармашылық талпыныстың арқасында өнері өрге жүзіп жүргендер жетерлік. Біздің ауданда жүзден аса, үйірмелер мен клубтар бар. Олардың озық тәжірибелері аудандағы атаулы даталарда кеңінен насихатталып келеді.
Осы орайда алдыңғы күні аудандық мәдениет үйінде «Мәңгілік елдің мәдени мұрасы» атты аудандық фестиваль өтті. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық аспаптардың өмірлік қажеттілігі мен өзектілігін түсіндіру, халық әндерін насихаттау, домбыраны қастерлеу арқылы халықтың рухани байлығын сіңіру, ұмытылып бара жатқан күй, терме өнерін жандандыру, ұлттық қолөнерді дамыту мақсатында өткен аудандық фестивальде аудан өнерпаздары дәстүрлі әндер, хореграфия, көркем сөз, әзіл-сықақ, эстрада жанрлары бойынша сынға түсті. Облыстық фестивальге іріктеу кезеңіне облыстан арнайы келген Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Дәметкен Құсайынова, облыстық халық шығармашылығы орталығының редакторы Гүлнар Сейталина, «Мәдениет саласының үздігі» Бағдагүл Қосмағанбетова, облыстық өнер музейінің ғылыми қызметкері Іңкәр Әлібековалар төрелік етті. Сонымен бірге айта кетсек, облыстан келген меймандар аудандық мәдениет үйінің фойесіндегі белсенді клубтардың ұсынған көрмесімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Салт пен дәстүрді дәріптеп жүрген әжелеріміз облыстан келген меймандарды сырнайлата ән салып, шашу шашып қарсы алды. Ойылдықтардың қонақжайлықтарына таң қалған өнер сарапшылары жерлестердің өнерлеріне де жоғары баға беріп, алғыстан басқа айтары болмады. Ал, әлімсақтан бастау алған төл өнерімізді ойылдық өнерпаздар бүгінгі фестивальде кең қырынан дәріптеді. Ұлттық аспаптарды асынып, ұлттық киіммен жүрген әр өнерпаз сахна төріне айрықша сән кіргізді. Бәрі де осынау бабадан мұра боп қалған ұлы өнерді ұлықтады. Бірі күй тартса, бірі дәстүрлі әндерді шырқады. Әрине бұл дода болған соң әр өнерпаздың өнері бағаланды.
P.S.
Бұлбұлдар мен дүлдүлдер тартысқан өнер фестивалінің қорытындысы мәдениет күнінде белгілі болады.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.