Мәдениет

ЖАС ТҮЛЕК – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕРТЕҢІ

Міне көзді ашып-жұмғанша тағы бір оқу жылы аяқталды. Мектебін бітіріп, қияға қанат қағатын жас түлектер үшін, ең қымбат, ең қимас, ең бір ұмытылмас жүрек тебірентер сәт, соңғы рет соғылған қоңырау үні. Бұл – балалық балдәуреннің бір белесі.

Осы орайда өткен сәрсенбі күні еліміздің барлық өңірінде соңғы қоңыраудың үні сыңғырлады. 11 сыныпты бітіріп жатқан түлектер алтын ұя мектебімен қоштасты. Дәл осындай салтанатты шара Ойыл қазақ орта мектебінде де өтті. Айтулы мектептің алдында өткен шара түлектер мен озаттар және мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер шеруімен басталды. Одан кейін мектеп директоры Шынар Бисенова барша түлектерге сәт сапар тілеп, озаттар мен үздіктерді арнайы мақтау қағаздарымен марапаттады. Әрі қарай аудан әкімі Асқар Қазыбаев аудандағы білім саласы бойынша жан-жақты мәлімет беріп, құттықтау тілегін жеткізді. Сондай-ақ «Анвар» ЖШС-нің директоры жерлесіміз Талғат Салфиковтың мектеп ұжымын тарту еткен 1 миллион теңге сертификатын тарту етті. Ал, ата-аналар мен ұстаздар тарапынан төгілген ақ тілектер түлектер үшін үлкен өмірдегі жаңа қадамдарына жолдама берілгендей күй кештірді.

Сондай-ақ оқушыларды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, ақ жол тілеп, ағы мен қарасы қатар жүретін өмір жолында жолдарың ашық, мұраттарың биік болсын деп ізгі тілегін жеткізді. Ендеше бізде барша жас түлектерге «Армандаған білім ордаларыңызға оқуға түсіп, алға қойған мақсаттарыңыз орындалсын», — деп болашаққа қадам басқан жаңа өмірлеріне сәттілік тілейміз.

P.S. Аудан бойынша 162 мектеп бітіруші алтын ұя мектептерімен қоштасып, жаңа өмірге қадам басуда. Олардың ішінде 20 түлек «Алтын белгіге», 9 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Ойыл қазақ орта мектебі бойынша 34 түлектің үшеуі «Алтын белгіге», екеуі  үздік аттестатқа үміткер. Жаңа оқу жылында Ойыл қазақ орта мектебіне бірінші сыныпқа 40 бала қабылданады деп күтілуде.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар