Денсаулық

Дәрігерлердің мерекелік тартуы

«Туған жерге тағзым!»

Біз қай-қай кезде де, тіпті қай салада болмасын ойылдық азаматтарымызбен мақтана аламыз. Атап өтсек, облыс орталығындағы денсаулық сақтау саласында Ойылдан шыққан білікті хирургтер мен білімді дәрігерлер жетерлік. Олар әрдайым туған жерге келіп, ауыр науқастардың өміріне араша түсіп отырады.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың «Бақытты бала» жобасы аясында аудандық орталық ауруханаға жерлесіміз, Ақтөбе облысының штаттан тыс бас балалар неврологі, нейрореабилитолог Әдемі Демеуова ауданға арнайы келді. «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында бір күн ішінде барлығы 45 бала қарап, 2 баланы мүгедектікке шығаруға, 12 баланы стационарға жатқызуға, 23 балаға амбулаторлы ем алуға тиісті ем-домдарын тағайындап, сәбилерін жетектеген әр ата-анаға үлкен үміт сыйлады. Туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен азаматтық борышын халық денсаулығын жақсартуға аранаған Әдемі Қажымұханқызы мүмкіндігі шектеулі балалардың болашақта оңтайлы ем алулары үшін аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаевқа өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен бірге ұлттық мереке күні жерлестердің жан жарасын жазуға облыс орталығынан денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев өзінің әріптестерімен келіп, екі ересек тұрғынға «Холецистэктомия» диагнозымен лапароскопиялық ота жасап, екі науқасты ультрадиагностикалық зерттеуден өткізді. Сондай-ақ аяқ асты ауыр науқас түссе, Ақтөбеге қарайтын Ойылдағы әріптестеріне шеберлік сағаттарын жүргізді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар