ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпБілімДенсаулықМәдениетРухани жаңғыруСпортСұхбатЭкономика
Әкіммен әңгіме «Мемлекеттік бағдарламалар – ауылды қолдауға арқау болып отыр»
Саралжын аудандағы бес елді-мекені бар ауылдық округ. Сулы жер – нулы жер – демекші, қос өзеннің қосылған жеріндегі ауылдар қандай шаруаға да қолайлы. Сондықтан, ауылдық округтің әкімі Марат Тәжіғалиевпен әңгімеміз шаруалардың жайынан басталды.
-
-
- Марат Тілепбергенұлы, төрт түлігі тең өрген ауылдың бүгінгі тынысы қандай?
- Саралжын ауылдық округінің аумағы 229443 га, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 18355 га. Осы аумақта 4874 бас мүйізді ірі қара, 24985 ұсақ жандық және 1530 жылқы бар. Ал, жеке тұрғындардың иелігіндегі әр басқа қажетті нормаға сәйкес округ бойынша 61680 га жайылымдық алқап қажет болса, қазіргі таңда округ тұрғындарының жайылым алқабы 85927 га-ды құрап отыр. Жайылымдарды ұтымды пайдалану, жем-шөпке қажеттілікті тұрақты қамтамасыз ету және жайылымдардың тозу процестерін болғызбау, жайылымдарды қалпына келтіру, сақтау үшін алдағы уақытта тұрғындарға түсіндіріліп, жайылым айналымдары арнайы карта бойынша пайдаланушыларға көрсетіліп, белгіленіп берілетін болады. Ойыл аудандық мәслихатының 2016 жылғы 12 желтоқсандағы«Ақтөбе облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау Қағидаларын бекіту туралы» №84 шешімін орындау үшін бойдақ малдар шалғайдағы жайлауға шығарылса, сауын сиырлар 3 бағытта күтумен бағылады.
- Ал, шаруашылықтардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы қалай?
- Ауылдық округ аумағында 3 ЖШС, 2 АШК, 43 шаруа қожалығы, 6 дүкен, 52 жеке кәсіпкер бар. Бір ғана мысал округтегі 24985 бас қойдың 10602-сі, 4874 мүйізді ірі қараның 2179-ы, 1530 жылқының 1035-і ауылдық округтегі шаруашылық құрылымдарының еншісінде. «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы арқылы «Жанаман» ШҚ 9 млн.тг, 120 бас қой, «Олжа» ШҚ 30 млн. тг,«Нұрислам» ШҚ 20 млн. теңге несие алып, кәсібін кеңейтсе, «Жарсай» ЖШС «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 20,3 млн. теңгеге 21 бас жылқы алды. «Тәжібай Агро» ЖШС 74 млн. теңгеге 160 бас «Ангус» асыл тұқымды сиыр малын сатып алды. Жеке кәсіпкер Ж.Қалдыбекова 5 млн. теңгеге несие алып 21 бас МІҚ малын алды. Аймаққа өзінің бау-бақша өнімдерімен танымал «Спарта» ШҚ «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 6 млн. теңге несие алды. Ал, «Ербазы» ШҚ мен «Тәжібай Агро» ЖШС-тері жаңа техника және агрегаттар сатып алды. Мұның барлығы біздің округке құйылған инвестиция.
- «Ауылына қарап, азаматын танитын» халықпыз ғой. Сондықтан, жолдағы ауылдың тазалығы мен келбетіне де көптің назары ауады.
- «Жол бойында жомарт отырады» — дегендей, ауданның қақпасы сияқты болғандықтан бәрі ауылдың үстімен өтеді. Сондықтан, тазалық ұдайы назарымызда. Мысалы, өткен қыркүйек айында ғана ауылдық округ аумағындағы елді-мекендерден 30 тн күл-қоқыс арнайы орынға төгілді.
- Жастар – елдің болашағы дейміз. Мемлекет тарапынан жасалатын игіліктер негізінен ауылдың демографиялық динамикасына қарайды…
- Ойыңызды түсіндім. Округте 427 жас тіркелген. Биылғы жазда «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 30 жас еңбекке тартылса, 3 жас «Жастар тәжірибесінен» өтті. 2 жас мемлекеттен қайтарымсыз 1200,0 мың теңгенің грант ұтып алып, өз кәсіптерін жүргізуде. Округ бойынша 9 жас кәсіпкер бар. Әрине, жастардың ауылға тұрақтауы үшін жұмыс көзі керек. Ауылдағы мектептерде бәріне бірдей жұмыс жоқ. Соның салдарынан ауыл мектептеріндегі балалардың өсімі байқалмайды. Дегенмен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 2022 жылдың 9 айына 8 жас маман көтерме жәрдемақы алса, 1 жас маман бюджеттік кредит алды.
- Әңгімеңізге рақмет!
Мақалалар топтамасы Саралжын ауылдық округінің әкімдігімен бірлесе дайындалды.
-