Білім
Кәсіподақ – демалыстың демеушісі
Осыдан бір аптадай уақыт бұрын аудандағы әр білім ошағында соғылған соңғы қоңыраудың сыңғырлы үнін естідік. Бұл мектеп есіктері жабылып үнсіз жату деген емес. Рас, мектеп бітіруші түлектер қияға қанат қағып, әр сыныптағы оқушылар жазғы демалысқа аттанады. Бір жыл бойы бір класс баланы білім нәрімен сусындатқан ұстаздар да бұл уақытта бос жүрмейді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге түлектерді даярлап, күндіз-түні тыным таппайды. Оған қоса алтын ұяның ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарына атсалысады. Міне осының бәрін бақылап, қадағалап отыратын Ойыл аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы. Жуырда Ойыл қазақ орта мектебінде 2018-2019 жылдар аралығындағы атқарылған жұмыстар бойынша жылдық есебін берді. Тоқтала кетсек, білім беру қызметкерлерінің Ойыл аудандық кәсіподақ комитетінің құрамына 33 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Оның 21-і мектеп, 7-і балабақша және бір коррекциялық орталық, оқушылар үйі, музыка мектебі, аудандық білім бөлімі. Онда 1615 кәсіподақ мүшесі бар. Міне осы кәсіподақтың жыл бойғы атқарылған жұмыстары бойынша Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлмира Ізбағамбетова баяндама жасады. Сонымен бірге жас ұрпаққа білім беруде көрсеткен қызметі үшін бірқатар ұстаздар қауымына алғыс хаттар мен емдеу демалыс орындарына жолдамалар табыстады.
М.ӘДІЛБАЙҰЛЫ.