Әлеумет

«Сартай батыр» – Асылхан Төлепов туған жеріне келді

Ойыл өңірінде өнердің көгіне самғаған өрендер көп. Олардың көшін бастап, өнер әлеміне жол салған Нұрсұлу Тапалова. Бүгінгі күні қазақ жастарының жүрегін жаулаған «Жаужүрек мың баланың»- Сартайы, жастардың аузынан түспейтін есім Асылхан Төлепов. Тіпті, өзінің аты ұмытылып, Сартай батыр атанып кетті. Сол Сартай батыр кеше туған жеріне табан тіреп, жерлестерімен жүздесті.
«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт келіп сәлем береді» — демекші Асылхан Төлепов келді деп еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін қалмай Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ауласындағы кездесуге күннің ыстығын елеместен жиналғандар елдік пейілін көрсетті. Кездесуде алдымен аудан әкімі Дастан Сағыров Асылханға жерлестерінің ыстық лебізін жеткізіп, азаматтың иығына шапан жапса, атымтай ағалары ат мінгізді. Амангелді ақсақал ақ батасын берді. Өз кезегінде сөз алған Асылхан кіндік қаны тамған өлкенің шапағаты мен махаббаты күш бергенін айтудан жалыққан жоқ. Кездесу соңы киноактердің замандастарымен суретке түсіп, қолтаңба беруіне ұласты. Біздің батыр Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясының белді мүшесі екен. Тығыз жоспарланған бағдарламасынан уақыт тауып, жасотандықтармен сұхбаттасып, жастар саясаты, отаншылдық, елжандылық тұрғысынан әңгіме дүкен құрды. Жанары шоқтай жарқыраған, жастық жалыны кеудесінде маздаған Ойыл ұлының болашаққа деген көзқарасы мен өмірге деген құштарлығы тыңдармандарын баурап алды.
Ал, түстен кейін өзі он екі жылдан кейін ат ізін салып тұрған туған өңірінің бүгінгі келбетімен танысып, Ойыл аграрлық колледжінің студенттерімен кездесті.

Басқа жаңалықтар