Білім
АУДАННЫҢ КӨРСЕТКІШІ – 9 1 ,2 БАЛЛ!
Өткен аптада Ойыл ауданында Ұлттық Бірыңғай Тестілеу сынағы өтті. Биыл Ойыл ауданы бойынша жалпы білім беретін мектептерді 163 түлек бітірсе, олардың 146-сы ҰБТ-ге қатысты. Нәтижесінде аудандағы 2 «Алтын белгі» иегері өз білімдерін дәлелдесе, 71 түлек 100-ден жоғары балл жинады. Тек өкініштісі – 12 түлектің шектік балл ала алмағандығы. Соған қарамастан, ауданның орташа көрсеткіші – 91,2 %. Біз ауданнан ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген екі түлекпен тілдестік.
ИНАРА САХИЕВА: МАҚСАТЫМ – ДӘРІГЕР БОЛУ
Мен ҰБТ-ге тиянақты дайындалдым. Ата-анам арнайы репетитор жалдап, дайындатты. Әрине, сұрақтардың көпшілігі бұрын кездескен. Дегенмен, ойламаған жерден соққан сұрақтар да болды. Мен «Алтын иегері» болғандықтан, өзімнің дәрежемді дәлелдеп, ата-анамды жерге қаратпауға тырыстым. Неғұрлым жоғары балл жинасам, соғұрлым жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігім артатынын білемін. Сондықтан, сол үшін барымды салдым. Мен үшін ҰБТ-ның сынақтан гөрі салмақты жүгі де басым болды. Намысқа тырыстым. Өзімнің абыройымнан бұрын, ата-анамның, мектебімнің мерейін ойладым. 134 балл алғанымды естігенде кеудемді зор қуаныш кернеді. Мақсатым – Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің студенті атанып, ата-анамның, ұстаздарымның сенімін ақтау!
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар.
Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», — деген еді.
Яғни, бұл атқарып жатқан әрбір іс біздің болашағымыз үшін, сондықтан да осы жолда талмай білім алып, еңбек етіп, еліміздің дамуына мен де өз үлесімді қосамын!
САҒЫНЫШ СИСЕНҒАЛИЕВА: БИОТЕХНОЛОГИЯ БІЗГЕ ЖАТ ЕМЕС
Мен осы салаға бала күнімнен қызықтым. Сондықтан да, ҰБТ алдында ойланбастан биология мен химия пәнін таңдадым. Рас, логикалық тұрғыдан ұқсақтығы көп, жаңылыстыратын сұрақтар кездесті. Соған қарамастан 132 балл жинадым. Әрине, бұл қызығынан қиындығы көп, уақыт өткен сайын қарыштап дамып келе жатқан күрделі сала. Өйткені, болашақтың кілті – білімдінің қолында. Әлемнің көшінен бізде қалмауымыз керек. Өркениеттің игілігін үнемі кеш көретін туған жерім – Ойылды сол қатардың алдында шығару менің басты мақсатым. Сол үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұллттық Университетіне оқуға түсуді көздеп отырмын. Алматы білімнің локомотиві. Осы күнге жеткізген анам мен жанашыр ағам Медеттің үміті мен сенімін ақтауға тиіспін.
Осы жолда көп септігі тиген ұстаздарыма алғысым ұшан-теңіз. Бәрінен бұрын айта кететін жәйт, анамның осы сынаққа психологиялық тұрғыдан дайындығы көп септігін тигізді. Ұлы даладағы Қазақ мемлекетінің бір кетігіне қаланып, дамуына дем берсем деген асқақ арманым бар!