Рухани жаңғыру
Ұлттық дәстүр мен өнер ұлықталған күн
Қазақстан Халқы Ассамблеясының Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген «Қайырымдылық керуені» акциясының аясында жыл басында Ақтөбе облысында «Мейірімділікпен бірлікке!» атты жоба қолға алынған еді. Әр айда 12 ауданға жоспарланған жобада негізінен қазақ халқының ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүрлерімен ұштасқан шаралар өткізу көзделген еді. Бүгін кезек біздің еншімізге тиді. Аудандық мәдениет үйі «Тоқымқағар» салтын көрсетті.
Осы акция аясында ауданға келген арнайы топ алдымен аудан әкімінің қабылдауында болып, одан кейін «Медиация дауды шешудің тиімді жолы» атты дөңгелек стол басындағы кездесуге қатысты. Одан кейін аудандық орталықтандырылған кітапханада аудандағы еңбек ардагерлерімен кездесті. Кездесуде Ақтөбе облысы әкімінің аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесінің сарапшысы Түлкібай Сапаров Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы кеңестердің ролі туралы баяндады. Кездесу барысында еңбек ардагерлері де бүгінгі бейбіт күннің берік негізін қалаған Елбасының сарабдал саясаты туралы салиқалы ой өрбітті.
Ал, аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен қайырымдылық концерті өтіп, «Тоқымқағар» дәстүрі көрсетілді. Ұлы даланың дәстүрлерін дәріптеген шарада жұртшылыққа жүрекжарды лебізін арнаған аудандық мәслихаттың хатшысы Еркін Жиеналин шара аясында алдымен жуырда ғана өткен Ұлттық Бірыңғай Тестілеуде жоғары нәтиже көрсеткені үшін Сағыныш Сисенғалиева, Инара Сахиева мен Ұлпан Мұқамбетқалиеваға аудан әкімінің алғыс хатымен естелік сыйлығын табыстады.
Тоқымқағар — жас бала жолға шығарда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Арнаулы мал сойылып, сыйлы мүшелер салынып ет асылып, кең дастархан жасалады, ойын-сауық, өлең, жыр айтылады. Бұл — сапарға шыққан жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдірудің белгісі. Осы дәстүрді бейнелеген аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының көрінісі соңында атасының немересінің сапарына ақ жол тілеп, бата беруімен аяқталды. Одан соң халықтық «Ақ әже» ансамблі көрермендерге халық әндерін тарту етсе, Ақтөбе облысы болгар этномәдени бірлестігінің төрайым Анастасия Подольянова «Атырау мен Алтайдың арасы» деген әнді шырқады. Ал, халықтық «Өлке сазы» ансамблі «Ерке сылқым» күйін орындаса, осы ансамблдің сүйемелдеуімен Жаңылдық Бисенғалиева халық әні «Желдірмемен» жұртшылықты бір желпінтсе, «Секіртпе» күйін тартқан жас өнерпаз Гүлхан Темірбекқызы орындаушылық шеберлігімен көрермендердің ықыласына бөленді. Одан кейін Теңел Омаров Кененнің «Көк шолағымен» талайдың таңдайын қақтырды.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.