ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ ТАРИХЫ ҚАНДАЙ?

Құрбан шалу адамзат тарихымен бірге басталған үрдіс. Адамзаттың атасы Адам атаның ұлдары Абыл мен Қабылдың арасында орын алған даудың шешімі құрбандық беру арқылы шешілген. Біз мұны Құран аяттары мен хадистерде баяндалған қиссалар арқылы біле аламыз. Жалпы Құран Кәрімде құрбан шалу оқиғалары туралы бірнеше жерде айтылған. Соларға қысқаша тоқталайық.
Біріншісі, Абыл мен Қабылдың құрбандығы. Алла Тағала былай дейді: «(Уа, Мұхаммед) оларға Адамның екі ұлы туралы хабарды ақиқат түрде оқып бер. Ол екеуі құрбан шалғанда біреуінікі қабыл болды да, екіншісінікі қабыл болмады. (Құрбаны қабыл болмағаны екіншісіне) «Мен сені, сөзсіз, өлтіремін!» – деді. (Екіншісі) «Ақиқатында, Алла (ізгілікті) тек тақуалардан қабыл алады», – деді» («Мәида» сүресі, 27-аят).
Адам ата мен Хауа ананың балалары екі егіз болатын. Екі егіздің біреуі ұл, екіншісі қыз еді. Ұлдар ер жетіп, қыздар бой жеткенде Жаратқан Ие адамзаттың ұрпағын тарату үшін егіздердің сыңарларын бір-біріне қосуды бұйырды. Яғни Абылдың сыңары Қабылмен, Қабылдың сыңары Абылмен тұрмыс құруы керек. Алайда Қабыл өзімен бірге туған егізіне үйленгенді қалайтын. Өйткені ол Абылдың егізіне қарағанда әлдеқайда көрікті, сұлу болатын. Бірақ та әкесі Адам өз шешімін өзгертпеді. Інісінің егізіне үйленуден үзілді-кесілді бас тартты. Адам ата бұл мәселенің дұрыс шешімін қалай табуға болатыны туралы қатты ойланды. Жаратушы Алла Тағаладан тығырықтан шығар жол сұрап жалбарынды. Сонда Алла Тағала Адамға оның екі ұлының құрбандық шалуы керектігін уахи етті. Аллаға жақындау мақсатында Қабыл өзі еккен егінінен, ал Абыл өзі бағып жүрген қойынан құрбандық беруі керек. Жаратқан Ие кімнің құрбандығын қабыл алса, соның дегені болмақ. Ағайынды екеу құрбандықтарын бергенде Алла Тағала Абылдың құрбандығын қабыл алып, Қабылдың құрбандығын қабыл алмады. Осылайша дауға нүкте қойылды. Бұл адамзат тарихындағы Алла Тағала үшін берілген құрбандықтың ең әуелгісі болатын.
Екіншісі, Ибраһим мен Исмаилдың қиссасы. Құрбандық шалу дәстүрі –сонау Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардан сүннет болып қалған амал. Ал оның негізі былай болған еді. Бір түні Ибраһим түсінде ұлы Исмаилды қолымен бауыздап жатқанын көреді. Пайғамбардың түсі – Алладан келген аян. Бұл түсінің мәнін түсінбей Ибраһимнің басы қатады. Осы түсі ұйықтаған сайын қайталана берді. Бұл ол үшін өте қиын сынақ болады. Ұлы Исмаилға бұл туралы айтқанда ол: «Уа, әкетай! Алланың әмірін орындай бер. Менің көзіме қарамауың үшін жүзімді басқа жаққа бұрғайсың. Мен Алланың тағдырына разымын. Оның әмірін екі етпеймін», – деп жұбатады. Ақыры, қиын іске бел буып, Мина атты жерге жеткенде әкесі Ибраһим ұлы Исмаилды бір тастың шетіне жантайтты. Ұлының аяқ-қолын соятын малдың аяғын байлағандай мықтап байлады. Құрбандыққа қиғанда қиналып, аяқ-қолы қозғалып кетпесін деп солай істеді.
Ибраһим барлық күш-жігерін жинап, қанша қиын болса да баласын құрбандық етуге бел буды. Өткір пышақты қолына алды да, жалғыз ұлының тамағына апарды. Апарды да бар күшін жинап тартып жіберді. Бірақ пышақ өтпеді. Баласының тамағына дәнеңе де болмады. «Уа, Раббым! Өзің кеше гөр. Пендеңе рахымыңды төге гөр. Нәпсіме ерік бере көрме», – деп күбірледі Ибраһим. Пышақтың өтпегені үшін өз-өзін жазғырды. Жүрегім елжіреп, дұрыс кеспеген болармын деп ойлады. Сөйтіп екінші мәрте тартып көрді. Бірақ пышақ тағы да өтпей қалды. Қайырымды әке пышақты қолына алып, үшінші рет тартып көрді. Бірақ еш өзгеріс болмады. Пышақ өтпей қалды.
Осы кезде аспандағы сан мыңдаған періштелер Алла Тағаладан қарт пайғамбар мен оның ұлына рақым етуін тілеп, жалбарынып жатыр еді. Алла Тағала шексіз мейірім-шапағатымен олардың тілегін қабыл алып, Ибраһим мен Исмаилға Жебірейіл періштені жәннаттың бір көк қошқарымен бірге түсірді. Жебірейіл олардың жанына келіп: «Уа, Ибраһим! Раббың саған: «Уа, Ибраһим! Сен түсіңді дұрыс жорыдың. Ізгі жандарды осындай сыймен сыйлаймыз. Бұл – өте қиын сынақ. Біз саған ұлы бір құрбандық түсірдік», – деп сәлем жолдады. Ұлың екеуіңе рақым етіп, құрбандыққа шалуың үшін мына жәннаттың қошқарын түсірді», – деді.
Жебірейілдің бұл сүйінші хабарын естіген әкесі мен баласы қатты қуанды. Аллаға мадақ айтып, шүкір етті. Сол кезден бастап осы күн мұсылмандардың айтулы мерекесіне айналды. Бұл – қасиетті Құрбан айт күні. Бұл оқиға жайында Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Сонда (Ибраһим) «Уа, Раббым! Маған салиқалылардан болатын (ұл) бер!» – (деді). Біз оны қайырымды ұлмен қуанттық. Ұлы (Исмаил) өзімен бірге жүретін жасқа жеткенде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздап жатқанымды көремін. Қара! Сен не дейсің?» – деді. Ол: «Әй, әкетайым! Өзіңе әмір етілгенді орында. Алла қаласа, мені сабырлы деп табарсың», – деді. Олар екеуі мойынсұнғанда, ол оны маңдайымен жатқызды. Біз оны: «Әй, Ибраһим!» – деп шақырдық. «Сен түсіңді шындыққа шығардың. Біз ізгі іс істеушілерді осылай сынаймыз». Шынында бұл ашық сынақ еді. Біз оны (Исмаилды) ұлы құрбандықпен ауыстырдық. Кейінгілерге ол (Ибраһим) үшін жақсы ат қалдырдық. Ибраһимге сәлем! Шынында ізгі іс істеушілерді осылай сыйлаймыз» («Саффат» сүресі, 100-109 аяттар).
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Мұнара» газеті, №10, 2025 жыл