Денсаулық

Спортты серік етсең…

МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕРМИНДЕРГЕ НЕМЕСЕ ҒАЛЫМДАР СӨЗІНЕ ЖҮГІНБЕЙ-АҚ, ҚАЗАҚ АТАМЫЗДЫҢ «БІРІНШІ БАЙЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ» ДЕУІНІҢ МӘНІ ЗОР. СЕБЕБІ ӘР АДАМНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА МӘН БЕРМЕУІНІҢ САЛДАРЫНАН АУРУ-СЫРҚАУДЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ. БҮГІНДЕ АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫ БҮКІЛ ӘЛЕМДІ ТОЛҒАНДЫРЫП ОТЫР. ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУДЫҢ ОҢАЙ, ӘРІ ТИІМДІ ӘДІСІ УАҚЫТЫЛЫ ДЕМАЛЫП, ТАМАҚТАНУМЕН ҚАТАР СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНУ. ДЕМЕК, «ШЫНЫҚСАҢ - ШЫМЫР БОЛАСЫҢ!» - ДЕП ТЕ БЕКЕРГЕ АЙТЫЛМАҒАН.

Осы орайда кеше аудандық аурухана ұжымының ұйымдастыруымен аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі алаңында «Денсаулық сандарына жет!» ұранымен «Денсаулық фестивалі» өтті. Фестивальге аудандағы мекеме басшылары мен қызметкерлерінен бастап, колледж, мектеп оқушыларына дейін белсене қатысты. Айтулы шараға жұмыла атсалысқан көпшілік спорттық жаттығулар арқылы бойларын ширатып, тамаша көңіл күйде болды. «Спорт денсаулық кепілі» екендігіне әбден көздері жетті. Әдеттегідей аптаның алғашқы күнін ауыр қабылдайтын мекеме қызметкерлері бір серпіліп қалды. Бірі-бірін күлімсіреп қарсы алған жұртшылыққа ауа райы да әсер еткен тәрізді. Себебі, сол күні күздің күміс күні жайма шуағын төгіп тұрды. Шымылдығы әнұранмен түрілген «Денсаулық Фестивалі» жиылғандардың рухын асқақтатып, азаттықтың ақ таңында қазақ спортының өрбітіп, дамыту жолында алға қарай қадам басуға деген күш-жігерін нығайтуға септігін тигізді. Одан кейін арнайы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев салауатты өмір салтын сақтау мақсатында ауданда атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталса, аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев денсаулық саласы бойынша мәлімет берді. Сонымен бірге ардагер спортшы Әбілхан Әжниязов жиылған жұртшылықты спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын сақтауға шақырды. Әрі қарай Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебі, Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы, Ойыл қазақ орта мектебінің оқушылар мен Ойыл аграрлық колледжінің студенттері спорттық гимнастикалық билерін көпшілік назарына тарту етті. Мұнда әрбір мектептің және де колледж оқушыларының айтулы шараға үлкен дайындықпен келгенін байқадық. Спорттық гимнастикалық билеу өнерінде бәрі де бірі-біріне ұқсамайтын іс-қимылдары арқылы ерекшеленіп тұрды. Сондықтан да әрбір биші қаракөздеріміз жиылғандардың қолдауына ие болды. Фестиваль соңында жиылған көпшілік аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрасқан Сәрсенғалиевтің нұсқауы бойынша жаппай спорттық жаттығулар жасады. Ал, аудандық аурухананың мамандары жиылғандардың бой, салмақтарымен бірге қан қысымдарын өлшеп берді. «Денсаулық Фестивалінің» соңы арқан тартыс, қол күрес ойындарына ұласты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар